Қоғам

Пітір садақаның биылғы мөлшері – 655 теңге

Ислам дініндегі бес парыздың бірі – Ораза ұстау. Ал оның басталуына санаулы күндер қалды. Қасиетті Рамазан айын барша мұсылман халқы асыға күтеді. Бұл мейрам адамдарды бауырмалдық пен кішіпейілдікке, кешірімділік пен сүйіспіншелікке шақырады. Тұрғындар бір ай бойы белгілі бір уақытқа ас-судан тыйылып, бойын жамандық атаулыдан алыс ұстап, жақсылық жасауға тырысады. Өңірлік коммуникациялар алаңына келген облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков аға буын өкілдеріне ауыз бекітпес бұрын дәрігерлерге бір қаралып алған жөн дейді.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Денсаулығы нашар адамдар ораза ұстамауы тиіс. Бұл – шариғатқа қайшы әрекет.

Биыл Қадір түні наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түні деп бекітілді. Ал оразаның соңғы күні – 29 наурыз. Брифингке келгендерді пітір садақаның мөлшері қызықтырды. Бұл сұраққа Хамзат Қажымұратұлы былай деп жауап берді.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Пітір садақының биылғы мөлшері 655 теңгені құрап отыр. Бұл – еліміздегі 2 келі ұнның орташа бағасы.

Бұл ретте айта кету керек, пітір садақаны шамасы жеткен адамдар ғана беруі тиіс. Брифинг барысында Хамзат Әділбеков кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерге азық-түлік пен басқа да өнімдерге жеңілдік жасалуын сұрады. Спикердің сөзінше, ораза уақытында сағыз шайнауға, темекі шегуге және моншаға түсуге болмайды.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Рамазан айының әр күні берекеге толы. Ораза кезінде қайырымдылық жасаймын деген азаматтар мешітке келіп, көмекке мұқтаж жандардың тізімін алса болады.

Санаулы күндерден кейін басталатын оразаның ауызашарлары облыстық “Қызылжар” орталық мешітінде әр күн сайын берілетін болады. Сол асқа келемін дейтін барша жамағатқа Алла үйінің есігі әр кез ашық.

 

Нұрасыл Ахмет