Қоғам

Петропавл қаласының әкімі тұрғындармен кездесті

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Облыстық кітапханаға осынша көп адам күнде келмейді. Соңғы рет өткен жылдың желтоқсан айында болды. Ол кезде шаһар басшысы Серік Мұхамедиев “Ашық есік күні” шарасы аясында тұрғындармен тілдескен болатын. Бүгін сондай жиынның кезектісі өтіп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, кітапхананың кіреберісінде аяқ алып жүру мүмкін емес. Одан қалды, шаһар басшысы халықты қабылдауды бастап кетті. Арғы бөлмеге өткен халықта да есеп жоқ.

Серік Мұхамедиевпен кездесуге келген халықтың басым бөлігін тұрғын үй мәселесі толғандырады. Қабылдау бөлмесіне кезек-кезек кіріп, қала әкімімен тілдескен тұрғындардың бірі пәтерге, ал екіншісі жатар орын табылар жатақханаға қол жеткізсем дейді. Ольга Лехман “Өз үйім – өлең төсегім” деп айтуды армандап жүр. Өзі де, тағдыр тоғыстырған жолдасы да мүгедек. Жерлестеріміз биылғы көктемде түтін түтетіп отырған шаңырақтарынан айрылыпты.

ОЛЬГА ЛЕХМАН, қала тұрғыны:

– Біз бұған дейін жалғыз баспанамыз саналған саяжайда тұрдық. Алайда, оны арнайы комиссия қабылдамады. Одан өзге бас сауғалар жеріміз жоқ екенін дәлелдей алмадық. Қазір Шухов көшесіндегі жатахқаналардың бірінде бөлме жалдап тұрамыз. Айына 45 мың теңге төлейміз. Төлейтін несиеміз де бар. Алатын зейнетақымыз жетпейді. Қала әкімінен жалдамалы пәтер немесе бөлме сұрай келдік.

Лехмандар жанұясы тұратын жатақханадағы 10 бөлме қалалық әкімдіктің балансында екен. Бұл жайт мәселемен танысу барысында анықталды. Одан қалды, кейбірі құлып салынған күйде тұр. Демек, күндіз күлкіден айрылған жандарды солардың біріне көшіруге болады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Ал Гүлсән Тажахметова қала әкімінің қатысуымен өтетін “Ашық есік күні” шарасына екінші мәрте келіп тұр. Ол да баспаналы болғысы келеді. Бұған дейінгі кездесуде азаматшаға “Пәтер іздеңіз, “Отбасы банк” айлық төлемнің бір бөлігін өтейді” деп айтылыпты. Алайда, нәзікжанды мұндай шартқа келісер үй иесін таба алмаған. Қазір жақындарын паналауда.

ГҮЛСӘН ТАЖАХМЕТОВА, қала тұрғыны:

– 32 шаршы метрді құрайтын пәтерде тұрамыз. Туыстарымыздың үйі. 7 адам тұрып жатырмыз. Үй керек болып тұр.

Серік Мұхамедиев азаматшаның базынасын мұқият тыңдады. Мәселенің бүге-шүгесін талқылауға ниетті. Қала әкімі шақшадай басы шарадай болған тұрғынды ертең таңғы 8-де әкімдікке шақырды.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Сөз соңында Петропавл қаласы тұрғындарына хабарландыру айтқымыз келеді. Сәтті саналатын сәрсенбі күні “Ашық есік күні” шарасы аясында халықпен кездесіп отырған қала әкімі Серік Мұхамедиев жұма күні есептік кездесу өткізбек. Ол жиын қалалық мәдениет үйінде өтеді. Маңызды басқосуға аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов те қатыспақ. Қапы қалмаңыздар!

 

Байболат Құлтанов