Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов халық алдындағы есептік кездесуін өткізді. Дәстүрлі жиында былтырғы жұмыстар бастан-аяқ баяндалды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, аймақта қылмыстарды тіркеу 2023 жылмен салыстырғанда 7 пайызға төмендеген. Мамандардың жұмысын жеңілдету мақсатында ауқымды шаруа атқарылды. Мысалы, өңір бойынша 626 жаңа камера орнатылған.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– Жедел-басқару орталығына 10 232 камера қосылған. Өңірде тіркелген барлық құқық бұзушылықтың 65 пайызы Петропавл қаласында тіркелді.
Өңірде интернет-алаяқтықпен күрес қарқын алмақ. Қазір қулар ойларына келгенді істеуде. Былтыр пысықайлар тұрғындарға бақандай 942 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Бүгінде соның небәрі 75 млн теңгесі қайтарылыпты. Демек, іске қарқын қосу қажет.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– Өңірде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы құрылды. Аталған басқарма арқылы алаяқтық белгісі бар 375 интернет-ресурс бұғатталды.
Назар аударарлық тағы бір жайт – есірткімен күрес. Былтыр өңірімізде жүздеген келі зиянды зат тәркіленді, ондаған адам құрықталды. Солардың басым бөлімі жазаланып та үлгерді. Олардың арасында болашағына балта шапқан жастар да бар.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– Заңсыз айналымнан 771 келі есірткі тәркіленді. Есірткі сатумен байланысты сайттардың 150 сілтемесі бұғаттауға жіберілді.
Кездесу соңында генерал-майор Айдын Қабдұлдинов “Міндетіміз – жазалау емес, міндетіміз – қылмыстың алдын алу” деген ой білдірді. Билік тарапынан заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Мәселен, 5-ші сәуірге дейін елдегі мопедтер тіркелуі қажет. Жалпыға ортақ талап орындалмаса, жылжымалы құрал иесі жазаланады. Сонымен қатар, былтыр “Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы” заң күшіне енді. Оның аясында отбасының шырқын қашыратындар түрлі жаза арқалайды. Департамент бастысы, халықты осылардың бәріне назар аударуға шақырды.