Заречный кентіндегі №13 орта мектепте оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Алдымен сирена соғылды. Мұны естіген балалар мен мұғалімдер бірінен соң бірі далаға жүгіріп шықты. Ұл-қыздардың қауіпсіздік ережелерін білетіні көрініп тұр. Себебі, мұндай маңызды шаралар мекемеде жыл сайын ұйымдастырылады. Айта кету керек, былтыр тасқын кезінде аталған оқу орнын зардап шеккен жандар паналаған болатын.
АБАЙ ҚАЙСИН, қалалық №13 орта мектебінің директоры:
– Эвакопункт 40 адамды қабылдауға қауқарлы. Былтыр біз тасқыннан зардап шеккендерге бар жағдайды жасадық. Мектепте 123 бала білім алады. Оның 37-сі – мүмкіндігі шектеулі ұл қыздар.
Содан соң далаға жүгіріп шыққан жеткіншектерді құтқарушылар төтенше жағдай кезінде қолданатын құрал-жабдықтармен таныстырды. Әрине, бесіктен белі шықпаған балаларды өзге үшін өз өмірін құрбан ететін жандардың жұмысы қатты қызықтыратыны сөзсіз. Көбі төтеншеліктерді әлеуметтік желілерден немесе теледидардан көрген. Бүгін ұл-қыздар смартфондарынан тамашалаған қаһармандардың жұмысы жайлы өз көздерімен көріп, таңданыстарын білдірді.
РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД аға офицері:
– Мұғалімдер мен оқушыларға төтенше жағдай кезінде не істеу керектігі жайында түсіндірдік. Мұндай маңызды шаралар облыстың әр мектебінде өткізілуде.
Жеткіншектердің арасынан төтеншеліктердің киімін киіп, өздерін бір сәт құтқарушы сезінгісі келгендер көп болды. Мамандар оларға өздерінің жұмыстары жайлы бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Ұл-қыздарға барлығы ұнағаны көрініп тұр. Олардың көбі төтенше жағдай кезінде не істеу керектігі жайында біледі екен.
– Бүгінгі шарадан төтенше жағдай кезінде ең бастысы қобалжымау керектігін түсіндім. Маған бәрі ұнады.
Маңызды шара Азаматтық қорғаныс күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Нұрасыл Ахмет