Қыстың суығында қала көшелерін қардан тазарту оңай емес. Бәріміз білеміз, бұл жұмыспен коммуналдық қызметкерлер айналысады. Ерлермен иық тірестіре еңбек етіп, шаһардың мұнтаздай болуына үлес қосып жүрген әйелдер қауымы да баршылық. Солардың бірі – Зада Валиева. Нәзікжанды “Коммунхоз” серіктестігініде еңбек етеді. Оның аталған ұйымда тер төгіп жүргеніне 12 жылдан асқан.
ЗАДА ВАЛИЕВА, “Коммунхоз” ЖШС жұмысшысы:
– Жұмысымды оңай деп айта алмаймын. Жазды күні жеңіл болғанымен, қысты күні біршама қиналамыз. Жастарды жұмыстан қашпауға, жанып тұрған шақтарында аянбай еңбек етуге шақырамын.
Көріп тұрғандарыңыздай, мына еңбек етіп жүрген жандардың тең жартысы – нәзікжандылар. Жұмыс істеу жағынан ерлерден еш кем түспейді. Елена Кравец “Коммунхоз” серіктестігінің бригадирі болып қызмет атқарады. Нәзікжандының міндеті жұмыс барысы мен сапасын бақылау болса да жай тұрмай, әріптестеріне көмектескенді құп көреді.
ЕЛЕНА КРАВЕЦ, “Коммунхоз” ЖШС бригадирі:
– Серіктестікте жұмыс істеп жүргеніме 9 жыл болды. Жұмысым өзіме ұнайды. Менің ойымша, әйел адамның қолынан бәрі келеді. Балаларымды аяққа тұрғызбайынша мен еңбек етуді тоқтатпаймын. Біз қаланың әр аумағын қардан тазартамыз. Тапсырылған істі тиянақты істейміз. Аталған ұйымда еңбек етіп жүргеніме еш өкінбеймін.
Түсірілім барысында Қазақстан Конституциясы көшесі бойымен өтіп бара жатқан тұрғындармен тілдестік. Коммуналдық қызметшілердің жұмысы жайлы сұрадық. Біз сөйлескен жандардың барлығы еңбеккерлердің жұмысын жоғары бағалады.
– Еңбеккерлер өз жұмысын сапалы атқарып жатыр. Көше әрдайым таза болып тұрады.
– Коммуналдық қызметкерлерге алғысым шексіз. Күн-түн демей аянбай еңбек етеді.
Әйел – отбасының ұйытқысы. Үй мен дала жұмыстарына үлгеріп, ерлермен бірге иық тірестіре еңбек етіп жүрген қос нәзікжанды мақтауға тұрарлық деп айтуға толық негіз бар.
Нұрасыл Ахмет