Үкімет резервінен отандық шаруаларды қолдау үшін 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Құжат 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарына кемінде 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын орындау шеңберінде қабылданды. Қаражатты 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу үшін, сондай-ақ, отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған. Бұл әрі қарай елде өндірілген және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ, «Даму» қоры тарапынан несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссияны арзандату үшін «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады.