Тепличное, Прибрежное, Лесхоз елді мекендері мен қаладағы үйлер.
Аталғанның бәрі “Қызылжар судағы” өткізу және су-техникалық бақылау бөлімінің бақылаушысы Надежды Яваровичке қарайды. Нәзікжанды халықты сумен қамтып отырған кәсіпорында 10 жылға жуық еңбек етіп келеді. Жұмысы оңай емес, аяз бен боранда, дауыл мен жаңбырда болсын кез келген ауа райында бүкіл абонентті аралап шығу керек.
НАДЕЖДА ЯВАРОВИЧ, “Қызылжар су” ЖШС бақылаушысы:
– Ұжым ұйымшыл, қолдауын аямайды. Бұған дейін жұмыстан шығып кетіп, сағынғаннан қайта оралдым. Біздің міндетіміз – есептеу құрылғысын пломбылаймыз, тиісті құжаттарды рәсімдейміз, үйлерде орнатылған сантехниканы тексереміз. Жұмысым өзіме ұнайды. Бір орында отырмайсың. Адамдардың емен-жарқын сөйлескені жүрекке жылу сыйлайды.
“Биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау – маңызды шешім”,- дейді бақылаушы нәзікжанды. Бұл аталған кәсіп иелерінің мәртебесін арттырып, қатарға жас кадрларды тартуға ықпал етпек. Кәсіпорынға соңғы кездері жастар жиі келетін көрінеді. Мұндай алып кәсіпорында бөлім мен зертхананың көптігі айтпаса да түсінікті. Басты миссия – халықты таза ауыз сумен қамту. Махаббат Бектембаева судың қалаға жіберілуіне жауапты.
МАХАББАТ БЕКТЕМБАЕВА, “Қызылжар су” ЖШС реагент шаруашылығының операторы:
– Біз Есілден келетін суды алғашқы тазалаудан өткіземіз. Әрине, біз оны тазалап алып, түссіздендіреміз, сүзгіден өткізіп, қалаға жібереміз. Жұмыс тасқын кезінде қиындап кетеді. Біздің қызметіміз аса маңызды. Қай салада болмасын жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс әрқашан жоғары.
Ерлермен бірге иық тірестіре жұмыс істеп жүрген нәзікжандылар бос уақыттарын отбасымен өткізеді. Надежда Анатольевна табиғатқа шығып, балық ауласа, Махаббат Құрмангелдіқызы немере тәрбиелейді, гүл өсіріп, қолөнермен айналысады. Айтпақшы, үлгілі қызметкер үйде ғана емес, жұмыс бөлмесін де гүлге толтырған.
Данаш Хамза