Қоғам

Этникалық қазақтарды қолдауға арналған “Ата жолы” картасы туралы

Елімізде 2023 жылы “Ата жолы” картасы енгізілген болатын. Игі бастама шетелдегі қандастарымызды қолдауға бағытталған. Жоба өзге мемлекетте тұрып, ірі бизнес ашқан және сол кәсібін Атажұртында жалғастырғысы келетіндерге арналады. Карта иегерлеріне Қазақстанда 10 жыл тұруға рұқсат беріледі. Олар қоныстанғысы келетін аймақты өздері таңдауға құқылы.

СЕРІК ТОҚЫМБЕТОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Карта иегерлерінің кейбір құқықтары шектелген. Яғни, ел үшін маңызды шараларда дауыс бере алмайды және сайлана алмайды. Қалған әлеуметтік және медициналық көмектерді ала алады. Мүмкіндікті пайдаланып тарихи Отанына оралғандар мен олардың отбасы мүшелері жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуға құқылы. Бірақ, мұндай жағдайда карта жарамсыз болып қалады.

Осы ретте игі бастама арқылы елге келгендердің ресми қандас мәртебесіне ие болған жандардан айырмашылығы қандай деген сұрақ туындайды. Карта этникалық қазаққа өзі тұрып жатқан елдегі азаматтығын сақтай отырып беріледі. Олар жергілікті тұрғындармен бірдей әлеуметтік құқыққа ие болады. Жоба арқылы елімізге жалпы 65 қандас келіпті. “Ата жолы” картасын алғандардың ішінде инженер-физик, инженер-математик, технологтар мен хирургтар бар. Олар Ресей, Германия, Моңғолия, АҚШ, Израиль, Франция елдерінен келген екен.

СЕРІК ТОҚЫМБЕТОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– “Ата жолы” картасын иеленгісі келетін этникалық қазақтардың өзі тұрып жатқан мемлекетте жеке кәсібі болуы тиіс. Азамат игі бастама арқылы тарихи Отанына келуі үшін сол елдегі Қазақстан елшілігіне баруы тиіс. Мамандар оларға тиісті көмек көрсетеді. Бизнес-эмигранттардың келуі еліміздегі жұмыссыздықтың санын азайтуға зор септігін тигізеді.

Айта кету керек, “Ата жолы” картасы арқылы облысымызға бірде-бір адам әзірге келмепті. Көбі Астана мен Алматыны таңдайтын көрінеді. Бірақ, аймақта этникалық қазақтарды тарихи Отанына әкелу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылы өңірімізге 207 қандас қоныс аударған. Биыл шетелден 175 қандас көшіп келеді деп жоспарланып отыр.

 

Нұрасыл Ахмет