Қызылжар ауданында 41 жастағы ер адам қамауға алынды. Ол бұрын бірге тұрған әйелімен араласқан ауылдасымен жаға жыртысып, бірнеше жерден пышақ жарақатын салған. Облыста өткен жылы ұрып-соғу, жеңіл дене жарақатын келтіру фактілері бойынша барлығы – 400-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл құқық бұзушылықтардың құрамы әкімшілік заңнамадан ҚР-ның Қылмыстық кодексіне көшірілді. 437 фактінің ішіндегі 170-тен астамы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Ал биыл өңірде осы бап бойынша 40-тан астам қылмыстық іс тіркеліпті. Оның 20-ға жуығы – отбасы және тұрмыс саласындағы істер. Полицейлер өткен жылдың 16-шы маусымынан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға бағытталған заңнамадағы өзгерістер күшіне енгенін еске салады.
Полицейлер жанұясына ғана емес, қоғамға қауіпті әдетінен арыла алмай жүрген жанжалқойларды психологпен кездестірді.
– Проблема никогда не решится, если ничего не делать. Проблему нужно заменить на задачу. Вспомните математику: у задачи всегда есть решение, хотя бы одно, или несколько. Соответственно, если проблему сделать задачей, то решить её можно.
Неге жанжалқой ашуға тез бой алдырады? Бұл сұраққа жауап іздеген психолог Елена Скакунова тыңдаушыларына кәсіби ақыл-кеңесін айтты. Сондай-ақ, психологиялық көмек пен қолдауға мұқтаж адам бұл қызметті тегін алуға құқылы делінді жиында.
ГАУХАР РАМАЗАНОВА, СҚО ПД жергілікті полиция қызметінің инспекторы:
– Осы мақсатта ішкі істер министрлігі ауыр зорлық-зомбылық қылмыстарының алдын алу мақсатында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында зорлық-зомбылық қылмыстарын жасау тәуекелін бағалауды жүргізу стандартын жасады. Қазіргі кезде осы стандарт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары үкіметтік емес ұйымдармармен бірлесіп, агрессорлармен әлеуметтік, психологиялық көмек бойынша жұмыстар жасалуда.
Жыл басынан бері өңірде 400-ден астам қорғау ұйғарымы шығарылыпты. Соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқы мен тәртібіне 200-ден астам ерекше талап қойды. Еске сала кетейік, биыл жергілікті полиция қызметі басқармасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі жаңа бөлімше құрылды.
Данаш Хамза