Облыстық әкімдік қабырғасында цифрлық технологиялар басқармасының былтырғы жұмысы қорытындыланып, алдағы жоспары жария етілді. Қуанышымызға орай, аталған сала біртіндеп алға жылжуда. Заман игіліктері аймаққа келіп жатыр. Олардың барлығы тұрғындардың өмірін жеңілдетуге негізделген.
АЗАМАТ БАЙТЕМІРОВ, СҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
– Қазір цифрлық технологиялар барлық салада бар. Осы орайда денсаулық сақтау саласын мысал етейік. Бүгінде ақпараттық жүйелердің арқасында қашықтықтан электрокардиограмма алуға болады. Яғни, онлайн режимде жүректі тексерте аламыз. Жасанды интеллектің көмегімен жүзеге асатын бастама аймақтың 7 медициналық мекемесінде қолданылады. Ерекше жобаның арқасында былтыр облыста 28 мыңнан астам электрокардиограмма талданды.
Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров ілкімді жобалардың барлығына тоқталды. Олардың көбі сырттан келген. Демек, тың жобаларды өзімізде өмірге әкелу қажет. Бұл ретте талантты, өнертапқыш жандардың басын қосатын “Қызылжар” креатив орталығы жұмыс істейді. Қуантатыны, аймағымызда дарынды жастар жетерлік.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, “Astana Hub” өңірлік филиалының менеджері:
– Петропавлдық жастардан құралған команда елімізде өткен ірі хакатон сайысына қатысты. Олар өздерінің жобаларымен барлығын таң қалдырды. Жерлестеріміз VERA деп аталатын веб-қосымша әзірледі. Ол жатыр мойны обырының дамуын болжауға негізделген. Туынды жоғары бағаланды, командамыз топ жарды. Нәтижесінде жастардың бірі атақты компанияға жұмысқа шақырылды.
Теріскейліктер мұнымен тоқтап қалған жоқ. Қазір өңірде бірнеше стартап жоба әзірленіп жатыр. Олардың кейбірі келешекте ауыл шаруашылығы саласында қолданылмақ.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
– Еліміздің Үкіметі цифрлық технологиялар бағытына баса назар аударады. Жаңа жобалар, кадр даярлау – бұлар маңызды міндеттер. Біз көштен қалмауымыз керек. Ол үшін өңірімізде арнайы орталықтар бар, Оқушылар сарайы жұмыс істейді. Ең бастысы, өнертапқыштарды мемлекет назарсыз қалдырмайды. Облыста бірнеше жоба сәтті жүзеге асты. Қазір олар республикалық деңгейде жоғары бағаланады.
Жиын барысында облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев мінберге шыққан жандарды бизнес қауымдастықпен бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Арада тығыз байланыс орнаса, жаңа жобалар дүниеге келеді әрі олар өміршең болады. Бұл түптің түбінде халыққа оң әсерін тигізеді.
Байболат Құлтанов