БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Петропавлда қармен күрес жалғасып жатыр. Техника кешкілік көшелерді тазалауға шықса, ал үйлердің маңы осындай тәсілмен тазалануда. Бүгін мамандардың бір тобы “Береке” ықшам ауданына жетті. Бұл – шаһардың шеткері кенті.
Біздің арамызда “Биыл қар аз” деген пікірмен келіспейтін жандар бар. “Петропавл қаласының тұрғын үй қызметі” серіктестігі өкілдері күн сайын ақ ұлпа тазалайды. Олардың бір бөлігі көпқабатты үйлердің шатырын ретке келтіреді. Яғни, баспаналардың төбесіндегі қарды жерге түсіреді.
НАТАЛЬЯ РОДИОНОВА, “Петропавл қаласының тұрғын үй қызметі” ЖШС қызметкері:
– Әлі осы жердегі бірнеше үйдің төбесін қардан тазартамыз. “Береке” ықшам ауданында жаңадан баспаналар салынды. Солардың барлығын қамтуымыз қажет. Уақыт созудың қажеті жоқ. Ертең-ақ күн жылынады. Сол кезде екі аяқ бір етікке тығылмауы керек.
Үйлердің төбесінде әжептәуір қар жатыр. Оны мамандар мен әуеге түсірілім жасау үшін көтерілген құрылғы растайды. Ақ ұлпа қазір тазаланбаса, көктемде ұзақ ериді. Соның салдарынан шатырда тығыздалған қар пайда болады, мұз қатады. Бұлар желді күндері адамға құласа, айтарлықтай жарақат салады.
ТАЛҒАТ АҚПАРОВ, Петропавл қаласы әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:
– Кез келген адам “109” арнасы арқылы хабарласып, көпқабатты үйлердің төбесін қардан тазарта алады. Тағы бір нұсқа – мүлік иелері бірлестігінің немесе пәтер иелері кооперативінің төрағасына жүгіну. Олар жауапты адамдармен байланысқа шығады. Төлем жасау қажет. Ақша сол үйде тұратын тұрғындардан жиналады.
Облыс орталығында 1226 көпқабатты үй бар. Бүгінгі күнге дейін Петропавлда 50-ден астам үйдің төбесі қардан тазартылыпты.
Байболат Құлтанов