Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында 55 көше бар. Оның 21-і асфальтталған. Қалғанында – қара жол. Күз бен көктемде бұл жерлермен жүру қиындық тудырады. Елді мекенде 6 мыңға жуық адам тұрады. Әрине, бірнеше әлеуметтік нысан орналасқан. Биыл мұнда 10 көше жөндеу көреді. Жөндеу түрі орташа. Мердігер бірнешеу. Бәрі жергілікті. “КоммунСтройСервис” серіктестігі Суворов пен Зенченко деген қос көшеге жауапты. Ұзындығы 32 шақырым болатын екі көше аудан орталығын тіліп өтеді. Мердігер қызу құрылыс жұмысына қазірден бастап қамданып жатыр. Осыдан-ақ олардың жауапкершілігінін зор екенін байқауға болады. Қар еріп, жер құрғасымен мамандар білек сыбана іске кіріседі. Бұл мақсатқа 200 млн теңгеден астам қаржы бағытталмақ.
АЛЕКСЕЙ БЕРЕЖНОЙ, “КоммунСтройСервис” ЖШС директорының орынбасары:
– Біз тасқын алдында қамданып алуды жөн көрдік. Инертті материал мен қиыршық тасты Көкшетаудан жеткіздік. 12 тонна. Қос көшені жөндеу жұмыстарына 100-ге жуық адам, 50-ге тарта техника тартылады. Сонымен, қатар, біз Аққайың ауданында тағы екі ауылдық округтің жолдарын жөндейтін боламыз.
Тұрғындар ауылішілік жолдардың жөнделетініне ризашылықтарын білдіріп жатыр.
– Суворов көшесінде тұрып жатқаныма 40 жылға таяп қалды. Бұл көшеге асфальт төселген емес. Биыл жөнделеді деп жатыр. Бұл жаңалық бізді қуантпай қоймады.
– Көктемде қара жолдың езіліп кететіні рас. Асфаль төсеп берсе, көлікке ғана емес, жаяу жүргіншіге де жеңіл болады. Осындай ауқымды істі қолға алып жатқан аудан басшылығына ризашылығымызды білдіреміз.
Ауданда Смирновода ғана емес, өзге ауылдық округтерде де жолдар жөнделеді. Оң өзгеріс Аралағаш, Григорьевка, Ленинское және Тоқыш ауылдық округтерінде орын алмақ. Бүгінде жөндеу жұмысын жүргізетін мердігерлер анықталған.
Мәдина Қаби