Мәдениет

Эстрадалық және джаз музыка оркестріне – 25 жыл

Ақан сері атындағы обыстық филармонияның Эстрадалық және джаз музыка оркестрі орындаған әр туынды құлақтан кіріп, бойды алады. Әуен ырғағы желді күні соққан құдды бір толқындай. Бірде төмендей, бірде көтеріледі. Сонысымен тыңдарманды ерекше әсерге бөлейді, кей сәтте денеңді тітіркендіреді.

Бұл оркестрдің құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Мерейтойға орай ұйымдастырылған музыкалық кеш жоғары деңгейде өтті. Оны тыңдарманның ыстық ықыласынан, “Браво” деп бағалауынан аңғаруға болады. Көпшілікті кемеге отырғызып, теңізде тербеткендей әскер сыйлаған концерт барысында әндер де шырқалды.

Қазақ эстрадасынан орын алып үлгерген жерлесіміз Махамбетәли Әбілдә кеңінен көсілді. Ол науқастанып қалғанына қарамай, өзіне таныс оркестрді мерейтоймен құттықтай келіпті.

МАХАМБЕТӘЛИ ӘБІЛДӘ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі:

– Бұл оркестрмен жұмыс істеп келе жатқаныма 4 жыл болды. Маған үлкен білім берді. Жоғары деңгейге дейін көтерді. Барша музыканттарға айтарым, шабытымыз таусылмасын. Жасай берсін, солтүстіктің өнері!

Эстрадалық және джаз музыка оркестрі облыстық филармония жанынан 2000 жылдың ақпан айында құрылған. Теріскейлік таланаттар түрлі деңгейдегі шараларда төбе көрсетеді. Ұжымның негізін қалаушы – Геннадий Брюханов.

ГЕННАДИЙ БРЮХАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармониясы эстрадалық және джаз музыка оркестрінің көркемдік жетекшісі:

– Біздің ұжымда 21 адам бар. Қатарымыз жастармен толықты. Бойларын күш-қуат пен шабыт билеген қыз-жігіттер алға жетелейді. Мен оркестрдің үлкен болғанын армандадым. Бүгінде ойлағаным жүзеге асты. Біздің өнерді бағалайтын жандарға айтар алғысымыз шексіз.

Ширек ғасыр ішінде петропавлдық оркестр Астана, Қостанай, Ақтөбе сынды қалаларда концерт ұсынған. Одан бөлек, түрлі байқауларға қатысқан. Жерлестеріміз алған қарқыннан тайынбақ емес.