МТРА жаңалықтары

СҚО-да 200-ден астам адам туберкулез ауруымен есепте тұр

Өңірде жыл басынан бері 12 адам туберкулез ауруына шалдыққан. Есепте тұрғандардың саны 200-ден асады. Бұл туралы облыстық фтизиопульмонология орталығында өткен брифинг барысында айтылды.

ДИНАРА КӘРМЕНОВА, СҚО фтизиопульмонология орталығының фтизиатры:

– Бүгінгі күні орталықта 71 науқас жатыр. Соның ішінде 48-і туберкулезбен ауырады. Жансақтау бөлімінде ешкім жоқ. Амбулаторлық бойынша 185 адам ем алуда. Олардың ішінде сезімтал түрімен – 86, төзімді түрімен ауыратындар – 99.

Өңірде туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп мәлімдеді мамандар. Былтырғы аурушаңдық көрсеткіші 2023 жылға қарағанда 12,1 пайызға төмендеген. 2023 жылы індет 216 адамнан анықталса, өткен жылы 188 жағдай тіркелген. Арасында балалар да бар.

ГҮЛМИРА ЖАРМАҒАМБЕТОВА, облыстық штаттан тыс фтизиопедиатр:

– Өткен жылы 17 жасқа дейінгі балалардың арасынан 10 жағдай анықталды. Биыл тіркелген жаңа жайттардың арасында кәмелетке толмағандар жоқ. Өткен жылғы 188 жағдайдың 165-сі флюрографиялық тексерістің нәтижесінде белгілі болды.

Фтизиатр мамандар туберкулездің алдын алуда арнайы екпе алудың маңыздылығына тоқталды. Облыста жыл басынан бері дүниеге келген 315 сәбидің 296-сына вакцина қойылған. Екі баланың ата-анасы бас тартса, өзгелеріне денсаулығына байланысты егілмепті. Сондай-ақ, дертке шалдықпас үшін дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану қажет.

ДИНАРА КӘРМЕНОВА, СҚО фтизиопульмонология орталығының фтизиатры:

– Ауру көбіне салауатты өмір салтын дұрыс сақтамағанның салдарынан туындап жатады. Кей адамдар дәрігерлерден науқаспен қарым-қатынаста болғанын жасырып қалады. Бұның салдары соқпақты болуы мүмүкін. Кейін тексерістен өтпей, кеселді жұқтырып алғанын білмей қалады.

Фтизиатр мамандар профилактикалық жұмыс аясында ертеңнен бастап “Иә! Біз туберкулезді жеңе аламыз деген!” деген атаумен акция өткізеді. Шара барысында ақхалаттылар ашық есік күнін ұйымдастырып, тұрғындарға ақыл-кеңесін береді.

 

Мәдина Қаби