МТРА жаңалықтарыҚоғам

Петропавлда “Жас отбасы мектебі” жобасы қолға алынды

Бәріміз белгілі, қазіргі таңда жас отбасылардың арасында ажырасу фактілері көптеп тіркеліп жатады. Әке-шешенің ажырасуы балаға кері әсер етеді. Екі жақтың тәрбиесін толық алмаған жеткіншек болашақта түрлі қиындыққа тап болуы мүмкін. Психологиясы да бұзылуы мүмкін. Бұның алдын алу мақсатында Петропавлда “Жас отбасы мектебі” жобасы қолға алынды. Шара «Позитивті қарым-қатынас құрастырушысы» атты шеберлік дәрісінен басталды.

ЛАРИСА ДОРКИНА, бизнес-жаттықтырушы:

– Тренингке келген жастар – болашақ ата-аналар. Біз оларға үйленгеннен соң өзін-өзі ұстау, отбасылық құндылықтарды жоғалтпау үшін не істеу керектігі жайында айттық. Менің ойымша, отбасында ортақ кәсіп болса жанұя ішінде ыдыс-аяқ сылдырламайды. Олар бірге жұмыс істеу арқылы зор жетістіктерге жетеді. Арадағы түсінбеушіліктер азаяды.

Отбасының ажырасуына көбінесе ер адамның әйелді ұруы немесе алкоголь себеп болады. Сол үшін ұйымдастырушылар шараға тәртіп сақшыларын шақырған. Полицейлер ұл-қыздарға құқықтық кеңестер берді.

Дені сау ұрпақ дүниеге әкелу үшін ата-ананың денсаулығында кінәрат болмауы тиіс. Ол үшін үйленер алдында дәрігерлерге бір қаралып алған жөн. Осы фактор да жас отбасылардың ажырасуына алып келеді.

Жоба аясында жастарға тек білікті мамандар сабақ береді. Жанұя құндылықтарын дәріптеуге арналған шарада мамандар ұл-қыздарға психологиялық кеңестер берді. Басқосуда жастар спикерлерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

ИНЕССА ДЕНИСЮК, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– Жастар үшін мұндай шаралар аса маңызды. Біз осы арқылы отбасылық өмірге дайын боламыз. Негізі, жанұяда көп дүние әйел адамға байланысты. Менің ойымша, егер әйел ақылды болса, отбасы ішінде ұрыс-керіс те аз болады. Бұл жайында көпжылғы білімі бар мамандар да айтты.

“Жас отбасы мектебі” жобасы аясындағы шаралар айына 2 рет өткізіледі. Жанұя құндылықтары туралы айтылатын тренингтерге қатысу тегін.

 

Нұрасыл Ахмет