МТРА жаңалықтарыСпорт

СҚО-да құсбегілер арасында ел чемпионаты өтіп жатыр

Қансонарда бүркітші шығады аңға. Қызылжар ауданы Бескөл ауылында құсбегілер чемпионаты өтіп жатыр. Сайысқа бүркіт, қаршыға, ителгі сияқты құстары бар 60-тан астам саятшы қатысуда. Жарыста қырандардың бабы мен бағы сыналатын болады. Ең алдымен бәсі биік доданың ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Ұлттық спорт түрлері өңірімізде қарқынды дамып келеді. Спортшыларымыз теріскей намысын ел біріншіліктерінде абыроймен қорғауда. Толағайларымыз Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 3 алтын медаль жеңіп алды.

Ел чемпионатына еліміздің 14 өңірінен келген құсбегілер қатысуда. Дүбірлі дода өткен ғасырдың аты аңызға айналған бүркітшісі, жерлесіміз Мәсіп Батырханұлының 140 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр. Біреу білсе, біреу білмес, теріскейлік саятшы ашаршылық заманда ауылдастары аш қалмас үшін өзінің құсымен аң аулап, адамдарға олжасын әкеп отырған. Бәсі биік сайысқа танымал тұлғаның немересі Шынарбек Батырханов та келіпті. Ол атасының құрметіне осындай шара өткізіліп отырғанына дән риза.

ШЫНАРБЕК БАТЫРХАНОВ: бүркітші М.Батырханұлының немересі:

– Менің атам – СҚО Айыртау ауданы Ботай елді мекенінің тумасы. Атам жылдары жалғыз бүркітпен-ақ өз елін аштықтан аман сақтап қалған.

Ашылу салтанатынан кейін қатысушылардың барлығы “Құлагер” ипподромына ойысты. Көненің көзін көрген қариялар құсбегілік қанмен беріледі дейді. Жасы 70-ке таяған Сәлімхан Ерғазыұлы құсбегілікке кішкентай кезінен бастап қызыққан екен. Бүгінде Талдықорған қаласында тұратын Сәлімхан аға бүркіт ұстаудың қыр-сырын немелеріне үйретіп жүр.

СӘЛІМХАН ЕРҒАЗЫҰЛЫ, жарысқа қатысушы, Жетісу облысы:

– Құсбегілікпен айналысқаныма 30 жылдай болып қалды. Өткен жылғы ел чемпионатының жеңімпазымын. Атадан балаға мирас болып қалған ұлы өнерді дамытуымыз қажет.

Құсбегілердің арасынан бұрымдыны көру таңқаларлық дүние. Аяжан Даниярқызының сөзінше, құсбегілік қазақтың қанында бар. Нәзікжанды бұл сайысқа қатыспайды екен. Ол Қызылжар төріне тәжірибе жинақтауға келіпті.

АЯЖАН ДАНИЯРҚЫЗЫ, құсбегі:

– СҚО-ға ағайыммен бірге келдім. Жастар арасындағы ел чемпионатының жеңімпазымын.

Міне, көптен күткен сайыс та басталды. Жарыс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен қатысушыар құсты ұшырып, қолға қондыру әдісі бойынша жарысты. Кейін шырға тарту және қырандардың аң аулауы сыналатын болады.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:

– Құсбегілік – атадан балаға мирас болып қалған ұлы өнер. Қазіргі таңда елімізде қарқынды дамып келеді. Мына менің қолымдағы құстың аты – Жебе. Жаңа ғана жарысқа қатысып өз өнерін көрсетті. Жалпы, бүркітті мәпелеп өсіру керек. Дұрыс күтпесең өз иесіне шабуы мүмкін.

Доданың жүлде қоры да қомақты. Чемпионатта жеңімпаз атанған азамат 500 мың теңгеге ие болады. Айта кету керек, құсбегіліктен ел біріншілігі өңірімізде осымен екінші рет өтіп отыр. Дүбірлі додаға тарихта бірінші рет 100-ден астам қыран қатысуда.

 

Нұрасыл Ахмет