Аманаттық депутаттар «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында облыс орталығында орналасқан оқу ұяларындағы инклюзивті білім беретін сыныптарға мониторинг жүргізді. Мына ресурстық орталық Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектепте ашылған. Бұл жерде тағдырдың тәлкегіне ұшыраған 30-ға тарта ұл-қыз тәлім алады.
РОЗА ЖЫЛҚЫБАЕВА, С.Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектебі инклюзивті білім берудің ресурстық орталығының әдіскері:
– Бұл орталық өкілдері ақыл-ойы кем және психикалық дамуы шектелген балалармен жұмыс істейді. Қазіргі таңда біздің мектепте 27 бала инклюзивті білім алады. Олармен логопед, психолог, дефектолог сынды мамандар жұмыс істейді.
Мамандардың арқалаған жүгі ауыр. Олар әр баламен жұмыс жүргізеді. Біріне әріптерді анық айтуды, сөйлеуді үйретеді, ал екіншісінің ойлау қабілетін дамытады.
РОЗА ЖЫЛҚЫБАЕВА, С.Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектебі инклюзивті білім берудің ресурстық орталығының әдіскері:
– Орталықтағы мамандардың арасында балалар сөйлей бастайды. Оқу үлгерімдері жақсарады. Жұмысымыз оңай емес. Біраз күшті талап етеді.
Мониторингтік топ балаларға жасалған жағдаймен танысты. Әдістемелік құралдарды, іс-қимыл кезінде қолданылатын заттарды көрді. Күнделікті әдіс-тәсілдерді де сұрады.
СӘУЛЕ СҰРАҒАНОВА, СҚО бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқықтары жөніндегі уәкілі:
– Қазіргі таңда барлық мектепте инклюзивті білім беретін сыныптар ашылған. Біздің міндетіміз – солардың жай-күйімен танысу. Нысанның аумағы, жарақталуы, тиісті оқыту құралдарымен қамтылуы және мамандардың жеткілікті болуына назар аударамыз. Бұл жұмыс мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздардың ортаға тез бейімделуі үшін жасалып отыр. Әзірге, ешқандай кемшілік байқамадық. Егер анықталса, бірлесе ретке келтіреміз.
Аманаттық депутаттар 2 топқа бөлінген. Олар бүгін «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 8 мектепке барып, инклюзивті білім беру сыныптарына шолу жасамақ.
Байболат Құлтанов