Қоғам

Су тасқыны кезінде азық-түлік бағасы көтерілмеуі тиіс

“AMANAT” партиясының облыстық филиалында өңірлік даму кеңесі мен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті. Алқалы жиында аса маңызды 2 мәселе қаралды. Оның алғашқысы – су тасқынына дайындық. Өкінішке қарай, апат биыл да әлекке салуы мүмкін. Оның себебін бейінді департаменттің бөлім бастығы Әсет Шайкин баян етті.

ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Өткен жылдағы су тасқынынан кейін облыстағы су айдындарының басым көпшілігі толып тұр. Топырақтағы ылғалдың да көлемі жоғары. Жердің қату қалыңдығына келсек, ол да көңіл көншітпейді. Кейбір жерлерде көрсеткіш 98 см құрайды. Осыларды алға тарта отырып, тіршілік көзінің барлығы жерге сіңбейді деген ойға келдік. Қауырт маусымға дайындықты күшейту керек.

Әсет Шайкин синоптиктердің де болжамымен бөлісті. Биыл өлкемізде қар аз жауған сияқты. Бірақ, кейбір жерлерде молынан түсіпті. Оның үстіне алдағы наурыз айында көл-көсір ақ ұлпа күтіледі.

ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Қалыптасқан тәжірибеге сүйенсек, өңірде 2 кезеңдік тасқын болады. Алғашқасында облыс аумағындағы су жайылады. Ал екіншісінде Ақмола облысынан келетін қызыл су қауіп төндіреді. Бүгінде Сергеев қоймасы толып тұр. Біздің болжамымыз бойынша наурыз айының соңында қауырт жұмыс басталады. Бұл кезеңде өзен-көлдерде мұз көтерілмек.

Қазір облыста көтерілген және нығайтылған бөгеттерге қатысты түрлі әңгіме айтылып жатыр. Кейбірі “Қорғаныс үйінділері талапқа сай келмейді, көктемде шыдас бермейді” деген пікір білдіруде. Жиын барысында осыған байланысты да ой айтылды.

АЙДЫН МӘКЕНОВ, қалалық ТКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің басшысы:

– Әрбір жоба, яғни әрбір бөгет бойынша техникалық тұрғыда бақылайтын мамандар бар. Олар күн сайын жұмыстар жүргізіліп жатқан жерлерге барып, тексеріс жүргізеді. Егер бұзушылық анықталса, ескерту жасалып, ол бірден жойылады. Қорғаныс үйінділері тиісті нормаларға сай көтерілді, нығайтылды. Шыдас береді. Айтылғанның бәріне сенудің қажеті жоқ.

Жиын барысында қатысушылар спикерлерге сұрақтарын жаудырды. Олар әзірлік жайлы жан-жақты сұрады. Отырыста қаралған екінші мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын өсірмек. Алдағы су тасқыны кезінде бұған жол берілмеуі тиіс. Егер елдің есі шыққан кезеңде біреу баюды көздесе, қомақты мөлшерде айыппұл арқалайды. Мысалы, былтыр аймақта 142 кәсіпкерге әкімшілік жаза тағайындалған.

 

Байболат Құлтанов