Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде мектеп оқушылары үшін арнайы ашық есік күні өтті. Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ордасында мыңға жуық студент оқиды. Жастар 12 мамандық бойынша білім алып жатыр. Оның 6-ауы – жұмысшы мамандығы.
АЙГҮЛ ОСПАНОВА, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің оқытушысы:
– Орта буындағы мамандықта оқитындар 42 мың шәкіртақы алады. Ал жұмысшы мамандығында оқитындар 56 мың алады. Жұмысшы мамандықтары бойынша – дәнекерлеуші, слесарь, автомобиль жөндеу, машина жасау және темір жол мамандығына қатысты машинист көмекшісі мамандығы бар.
Педагогтер мен колледж студенттері мектеп оқушыларына колледждің тарихы жайлы айтып, оқуға түскен сәтте қандай жағдай жасалатындығын түсіндірді. Ауылды жерден келген балалар жатахқанамен қамтылады. Жатын бөлме саны 150-ге жуықтайды.
АЙГҮЛ ОСПАНОВА, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің оқытушысы:
– Айтып өтетін болсақ, бір бөлмеде екі немесе үш төсектен орналасқан. тоңазытқыштары, кір жуатын машина, тамақ дайындайтын асхана бар. Олар айына 7 мың теңге төлеп тұрады.
Колледж жайлы білуге келген оқушылар кейін басқа ғимараттарға бас сұқты. Ол жерлерде студенттердің теориялық білімін тәжірибе түрінде шыңдауларына мол мүмкіндік жасалған. Жеткіншектер құрал-жабдықтармен танысты.
БАДРИДИН ХОМИДОВ, қалалық №1 орта мектебінің оқушысы:
– Барлығы ұнады. Колледжде сапалы білім алуға болады екен. Мен келешекте кім болатынымды әлі айқындаған жоқпын. Бірақ, техникалық мамандық қызықтырады. Арнайы білім іздеп осы колледжге келуім бек мүмкін.
Петропавл машина жасау және көлік колледжінің дипломын алған маман еңбек нарығында зор сұранысқа ие. Өткен жылы білім ордасын 300-ден астам адам бітірсе, қазір соның 75 пайызы меңгерген мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. Биыл мұнда 1-ші курсқа 400-ге жуық жас оқуға түскен.
Мәдина Қаби