Қоғам

Газ-ауа қоспасынан зардап шеккен петропавлдықтар ауруханада 10 күндей ем алады

Екі кештің арасында Петропавлда 5 бірдей адам зардап шекті. Кеше Жуков көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында апаттық бригада құдыққа түсіп, құбырды жөндеп жатқан. Бір сәтте газ-ауа қоспасы жарылған. Соның салдарынан мамандардың барлығы жарақат алыпты.

ҚАЙРАТ МӘЖИТОВ, көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі:

– Ақпанның 19-ы күні кешкі 8 кезінде ауруханаға жұмыс орнында жарақат алған 5 адам жеткізілді. Мамандарымыз қабылдап алып, жіті тексерді. 4 азаматтың бетін күйік шалған. 1-ші және 2-ші дәрежеге жатады. Жедел түрде көмек көрсетіліп, ем-дом жүргізу үшін жатқызылды. Ал 1 адамды алғашқы медициналық көмектен кейін үйіне жібердік.

Ауруханаға жатқызылған бригда мүшелерінің барлығы 1 бөлмеде жатыр. Дені сөйлесуден бас тартты. Тек Бауыржан Ыбыраев қана тілшілермен тілдесті.

БАУЫРЖАН ЫБЫРАЕВ, зардап шегуші:

– 1200 мм құбыр бар. Соның ішінен 700 мм пластик құбыр өткіздік. Сол пластикті кесу керек едік. Бұзу жұмыстарын жүргізіп жатқанда газ-ауа қоспасы жарылды. Ал біз ішінде су бар деп ойладық.

Ағамыз өзін жақсы сезінеді. Өзінің және әріптестерінің аман қалғанына қуанышты.

БАУЫРЖАН ЫБЫРАЕВ, зардап шегуші:

– Сыртында жарық жағып тұрдым. 1 кісі ішінде болды. – Бетіңіз күйді ме? Көзіңіз аман ба? – Көзім аман.

Апаттық бригада мүшелері әлі үйге шығарылмайды. Дәрігерлер ем-дом жұмысын жалғастырмақ.

ҚАЙРАТ МӘЖИТОВ, Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі:

– Дәл қазіргі таңда науқастарды қашан үйге жіберетініміз белгісіз. Қайта қалыпқа келу жұмыстары енді басталып жатыр. Бәрі біздің жіті бақылауымызда болады. Орта есеппен айтар болсақ, азаматтар 10 күндей ем қабылдайды.

Өз кезегінде полиция орын алған оқыс оқиғаға қатысты тергеу әрекеттерін бастады. Тексеріс жұмысы еңбек құқығын қорғау ережелері мен нормаларының сақталуы бойынша жүргізілмек.

 

Байболат Құлтанов