Мәдениет

Абай мұрасы – халық даналығы

Абай мұрасы – халық даналығы. Бүгін осындай атаумен Абылай ханның Ақ үйінде әдеби кеш өтті. Шара ұлы ақынның 180 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Басқосуда қазақ халқын әлемге танытқан тұлғаның өмірбаяны жайында кеңінен айтылды. Жиынға университет студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

ӘСЕМГҮЛ ҚЫДЫБЕКОВА, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені директорының орынбасары:

– Абай Құнанбаевты жастарға барынша насихаттауымыз керек. Сол себепті, шараға өңірімізге белгілі педагогтер мен ақындарды шақырдық.

Абай Құнанбаев – қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде ойып тұрып орын алған тұлға. Шара барысында зиялы қауым ұл-қыздарға кемеңгерімізді ешқашан ұмытпау керектігін айтты.

ЖАЗИРА КӨКБАС, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Қазақ тілі мен әдебиет” кафедрасының аға оқытушысы:

– Абайдың әр қара сөзін жастар білуі тиіс. Мемлекет басшысының өзі М.Әуезовтің “Абай жолы” романы домбыра сияқты қазақтың әр үйінде болуы тиіс деп айтқан болатын.

“Жүрегімнің түбіне терең бойла” деп жырлаған ақын жайлы тәуліктеп тоқтаусыз айтуға болады. Абай сан қырлы болған тұлға: ақын, сазгер, аудармашы, ойшыл, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы. Нұрай Қанағат – Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының 6-шы сынып оқушысы. Бұрымды ұлы ақынның шығармаларын сүйіп оқиды екен.

НҰРАЙ ҚАНАҒАТ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының 6-шы сынып оқушысы:

– Абайдың 16 қара сөзі мен 10-ға жуық өлеңін жатқа білемін. Бірнеше рет “Абай оқуларына” қатысып, жеңімпаз атанғанмын.

Абайдың әр қара сөзінде тұнып тұрған тәрбие жатыр. Қазақстандықтар ұлы ақынның шығармаларын оқып, ой түйсе ешқашан түзу жолдан таймайды. Айта кету керек, Абай Құнанбаевтің бізге жеткен 200-ден астам шығармасы бар.

 

Нұрасыл Ахмет