Солтүстік Қазақстан облысында елікті қынадай қырған браконьерлер ұсталды. Теріскейлік тәртіп сақшылары мен қорықшылар арнайы республикалық жедел-алдын алу шарасы барысында 8 тұяқтыны атып алған тұлғаларды қолға түсірді. Тайынша ауданындағы үйлердің бірінен 5 жануардың денесі табылды. Оларды 43 жастағы аңшы жер жастандырған. Одан қарда емін-еркін жүретін көлік пен қосауыз мылтық тәркіленді. Табиғатқа келтірген зиян көлемі 7 млн теңгеден асады. Ал Айыртау ауданында 50-ден асқан ауыл тұрғыны заң бұзған. Ол 3 сібір елігін атыпты. Тіркелген фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
СҚО ПД:
– ҚР Қылмыстық Кодексiнің 337-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалды. Ол бойынша айыпталушы тұлға үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Байболат Құлтанов