Экология

Өңірдегі өзен-көлдер оттегімен байытылып жатыр

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Николай Кошиковтың бұл көлді жалға алғанына 30 жылдай болып қалды. Осыдан 3 жыл бұрын ол жаңа, заманауи аэратор сатып алып, балықтардың қырылып қалмасы үшін жағдай жасауда. Қазір бұл айдында балықтың 9 түрі бар.

Мөңке, шортан, алабұға, тұқы, табан, оңғақ. Қызылжар ауданына қарасты Курейное көлі – балықшылардың сүйікті мекені. Мұнда балықтың түр-түрі бар. Адам оларды олжалауды ғана емес, құтқаруды да ойлау керек. Ақпан мен наурыз айы балықтар үшін өте қиын кезең саналады. Қатқан мұздың астындағы оттегі таусыла бастайды, яғни дем жетпейді. Соның кесірінен қармаққа түсетіннің барлығы қырылып қалуы мүмкін.

НИКОЛАЙ КОШИКОВ, кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Кәсіппен айналысып келе жатқаныма 26 жыл болды. Осы және тағы 3 км жерде Глубокое атты көлге иелік етемін. Екеуінде де балықтың 9 түрі бар. Жылда осылай аэрация жасап тұрамын. Бұған дейін желмен жұмыс істейтін ескі құрылғы болды. Оның өзіндік машақаты бар. Жел жоқ күндері қиындау, таңертең ерте келіп, қолмен айнылдырып тұру қажет. Ал замануи құрылғыны Ресейден алдым. Жабдықты тек қадағалап отырсаң болғаны. Екі желдеткіші, екі моторы бар дүние суда айналып, балықтарға ауа жібереді.

Көлдің ауданы – 180 гектар, ал тереңдігі – 3 метр. Мұздың қалыңдығы қазіргі таңда 60 см-ды құрайды.

Өзен-көлдерге мемлекеттік инспекторлар да келіп тұрады. Бүгін олардың қолында оксиметр деп аталатын құрылғы бар. Заманауи жабдық мұз астындағы қысымды тексереді. Алынған сынама оттегінің бар екенін көрсетті. Дегенмен, мамандар ойық жасап, мұз астына ауа жіберуді жөн деп тапты.

Көлде балықшылар да жүр екен. Олардан олжалы немесе олжалы еместіктерін сұрадық.

ВАЛЕРИЙ МАЛКОВ, балықшы, Қызылжар ауданы:

– Биыл қармаққа балықтар жақсы түсуде. Алдыңғы жылы аз болған еді. Көріп тұрғандарыңыздай, бірсыпыра олжаны қоржынға салдым. Сонымен қатар, осы жылы мұз аса қалың емес. Осы себепті де балықтар көп. Курейное көліне жыл сайын келіп тұрамын. Бұл жердегі балықтар көлемді әрі дәмді.

Облыстағы 300-ден астам көлге кәсіпкерлер иелік етеді. Яғни, олар су айдындарында балық өсіреді. Талап бір – барлығында аэрация жұмысын жүргізу қажет. Осыны балық инспекциясының мамандары қатаң түрде қадағалауда.

МАРАТ ЕСІМСЕЙІТОВ, Есіл облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

– Былтыр 2 кәсіпкер аэрация жұмыстарын жүргізбей, көлдегі балықтары қырылып қалды. Олар мемлекетке қарыз болды, тиісті ақшаны төледі. Оттегімен байыту жұмыстары бағалы балықтары бар су қоймаларында қатаң түрде жүргізілуі қажет. Кәсіпкерлердің көбі бұл іске аса жауаптылықпен қарайды. Себебі, олар осы балық арқылы нәсіп тауып отыр.

Аққайыңдар өлкесіндегі өзен-көлдерде маңызды жұмыс әлі де жалғасын табады. Мамандардың сөзінше, аэрация мұз ерігенге дейін жалғасады.

 

Мәдина Қаби