Өңір полицейлері «Есірткіге жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Акция барысында мамандардың бір тобы «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінде болды.
Мұнда темір тұлпар иелеріне маңызды ақпарат ұсынылды, жылжымалы құралдарға байланыс нөмірі жазылған қағаздар жапсырылды және қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен автокөліктер тексерілді. Шара барысында жүк көліктерінің жүргізушілері мен қала арасында қатынайтын таксилерге ерекше назар аударылды.
ЖАНГЕЛДІ ӘПЕНОВ, қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:
– СҚО аумағында ақпанның 10-ы мен 15-і аралығында өңірлік шара өткізілді. Мақсаты – өңірдегі ахуалды тұрақтандыру.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды есірткімен бірлесе күресуге шақырады. Бұл ретте адамдар есірткі өткізу және қолдану, есірткі жарнамасын тарату фактілері туралы полицияға «102» арнасы арқылы хабарласа алады.
ЖАНГЕЛДІ ӘПЕНОВ, қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:
– Елімізде нашақорлық пен есірткі қылмысы ұлт генофондына қауіп төндіретін күрделі проблема. Бұл ретте кешенді көзқарас қажет.
5 күнге созылған шара барысында полицейлер 12 қылмыстық құқық бұзушылықтың жолын кесті. 2 өткізу фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 1 жарым келіден аса есірткі құралдары тәркіленді. Оның 1 келіден астамы – синтетикалық есірткі.
Байболат Құлтанов