Ешкім де, ешқашан да қолдаусыз қалмайды! Әділет департаментінің мамандары бүгін осындай ұранмен «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалына бас сұқты. Қатарларында маңызды саланың түрлі бағытында тер төгіп жүрген әріптестері бар.
ДИНАРА ҚАРАТАЕВА, СҚО әділет департаментінің бас маманы:
– Әділет департаменті “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ тегін заң көмегін ұйымдастырды. Нотариустардың, адвокаттардың, заң консультанттарының, жеке және мемлекеттік сот орындаушыларының қатысуымен өтіп жатыр. Әлеуметтік осал азаматтарға көмек көрсеткіміз келеді.
Әдетте мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттік органдарға бара қоймайды. Көру қабілеті бұзылған адамдарға қыс ішінде қатынау тіптен қиын. Әділет департаментінің өкілдері осыны ескеріпті. Білікті мамандардың келетінін қуана қабылдаған филиал мүшелері толғандыратын мәселелерін ортаға салды. Петропавлдық Анатолий Несмяновты мұрагерлікке қатысты сұрақ мазалап жүріпті.
АНАТОЛИЙ НЕСМЯНОВ, «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ СҚО бойынша филиалының мүшесі:
– Ресейде үлкен ағам тұрды. Осы жылдың басында өмірден өтті. Оның менен басқа жақыны жоқ. Мен оның мұрагері атанғым келеді. Онлайн түрде құжаттарды рәсімдеуге бола ма екен? Соны білу үшін келіп тұрмын. Өзім шекара асып, мәселені шеше алмаймын. Көзім нашар көреді.
Білікті маман аға буын өкілінің айтқанын мұқият тыңдады. Кейін ақыл-кеңесін берді. Мұрагерлік, тұрғын үйді заңдастыру, құқықтық бұзушылық. Кездесуде осыларға қатысты бірнеше мәселе көтерілді.
ҰЛАН ТӨЛЕТАЕВ, «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ СҚО бойынша филиалының төрағасы:
– Біз осы сынды жиындарды өткізіп тұрамыз. Өзіміздің жұмыс жоспарымыз бар. Бірақ, бүгін бірнеше маман келді. Филиал өкілдері риза. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Облыс бойынша филиалға 800-ден астам адам мүшелік етеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Президент пәрменін орындау бағытында қазір Әділет министрлігі, оның ішінде облыстық департамент түрлі шараларды қолға алуда.
Байболат Құлтанов