Петропавлдың Борки кентінде шаңғымен жүгіруден жасөспірімдер арасында облыс чемпионатының 3-ші кезеңі өтуде. Ұл-қыздар жас ерекшелігі бойынша 5 топқа бөлінді. Айла мен шыдамдылықты қажет ететін сайысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам спортшы қатысты. Ең алдымен қатысушылар сап түзеді. Оларға сайыстың бас төрешісі жарыс жолы жайында түсіндіріп берді.
ВАЛЕРИЙ ДЕСЯТОВ, жарыстың бас төрешісі:
– Бүгін қатысушылар еркін жүріс бойынша сынға түседі. Қаңтарда өткен кезеңге 150-ден астам спортшы қатысқан болатын. Оған күннің суықтығы себеп болған. 2-ші кезеңнің қорытындысы бойынша әзірге Аққайың ауданының командасы алда тұр. Мұндағы жастардың басым көпшілігі – 10-11 жастағы балалар. Бұл шаңғы спортына әуестенетін жеткіншектердің қатары артып келе жатқанын көрсетеді.
Егор Лейчук – Аққайың ауданынан келген жеткіншек. Ол шаңғы жарысымен 4 жылдан астам уақыт айналысады. Жігерлі жас осыған дейін өткен облыс чемпионатының 1-2 кезеңдерінде қарсылас шақ келтірмеген. Бүгін де сол нәтижені қайталағысы келеді.
ЕГОР ЛЕЙЧУК, жарысқа қатысушы, Аққайың ауданы:
– Шаңғы спортымен айналысқалы 30-ға жуық медаль еншіледім. Чемпионатта маған досымнан басқа тең келетін қарсылас жоқ. Республикалық сайыстарда 2 мәрте үздік үштіктен көріндім. Болашақта ел намысын абыроймен қорғайтын шаңғышы болғым келеді.
Міне, көптен күткен сайыс та басталды. Ең алдымен жарыс жолына 11 және одан кіші жастағы қыздар шықты.
Жеткіншектер спринтте сынға түсуде. Толығырақ тоқталсақ, әрқайсысы жеке-жеке жарыс жолына шығады. Араларын 30 секунд қана бөледі. Анфиса Кованова – чемпионаттың ең жас қатысушыларының бірі. Ол небәрі 8 жаста. Бұрымды кіші болса да уақыт бойынша қарсыластарының жартысынан басым түсті.
АНФИСА КОВАНОВА, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
– Жарыс мен үшін оңайға соқпады. Әсіресе, бұрылыстарда кішкене қиналдым. Шаңғы спортымен айналысқаныма 6 ай ғана болды. Маған ұнайды. Бүгін үздіктердің арасынан көріне алмадым. Бірақ, мен мойымаймын. Талмай дайындалып, келесі жылғы чемпионаттардан медаль еншілегім келеді.
Шаңғымен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты ертең өз мәресіне жетеді. Жарыстың соңғы күнінде командалық сайыс өтеді. 3 кезең бойынша үздік шыққандар ақпан айының соныңда облыс орталығында өтетін ел кубогында бақ сынайды.