Білім

Теріскейліктер Нью-Йорк кино академиясының мамандарынан тәлім алады

“Қызылжар” креатив орталығы мен Қаскелең қаласындағы Креативті индустрия саябағы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл құжаттар қос тарап үшін де тиімді болмақ.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

– Алматы энергетика және байланыс университеті – Қазақстандағы алғашқы Креативті индустрия саябағын ашқан мекеме. Белгілі бір жетістікке жетіп үлгерді. Сол тәжірибені осында жеткізу – біздің міндетіміз. Энергетика саласындағы цифрлық жобалар және мамандар даярлау бағытында әңгіме жүргіздік. Арадағы байланыс берік және жемісті боларына өз басым сенімдімін.

ҒАНИ НЫҒМЕТОВ, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры:

– Техникалық университет неге креативке көңіл бөліп жатыр? Қазір креатив пен технология ұштасты. Бұл зор табыс әкеледі.

Кино, дизайн, анимация, мультфильм, компьютерлік ойындар. Міне, Қаскелеңде осылар мықтап қолға алынған. Алдағы уақытта Алатаудың баурайына мұхиттың ар жағындағы білікті мамандар келмек.

ҒАНИ НЫҒМЕТОВ, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры:

– Қаржы тартып жатырмыз. Нью-Йорк кино академиясының филиалын ашамыз. Біздің саябақта солтүстікқазақстандық азаматтарға жеңілдіктер жасалады.

Ғани Нығметов “Қызылжар” креатив орталығының өкілдерін Қаскелеңге шақырды. Сол жерде теріскейліктер тәжірибе жинайды, шеберлік шыңдайды.