Қоғам

Мамандар жастарға өзін-өзі қорғау әдістерін үйретіп жатыр

Ұры-қары әдетте қорғансыз әйел мен балаға күш көрсетеді. Өмірде адамнан қауіп төнетін жағдайлар болып жатады. Соңғы уақытта жиі естіп кеттік. Қараңғыда, көшеде, жалғыз келе жатқанда, жеделсатыда біреу қорқытты ма нәзік адамның өзі өзін-өзі қорғай алуы тиіс. Ол үшін қарапайым қорғану тәсілдерін білу қажет. Қорғануды білсең өз өміріңді сақтайсың.

РҮСТЕМ ІЛИЯСОВ, өзін-өзі қорғау және балалар психологиясы орталығының директоры:

– Ең бастысы, үндемей қалмау керек. Бірден айқайлап, көмекке шақырған дұрыс. Бәлкім, біреу естіп қалар немесе жұдырық жұмсағалы немесе өткір зат сілтегелі тұрған адамның аяғынан қаттырақ тебуге болады. Ол шалынып құлайды немесе бүгіліп отыра қалады. Тағы бір тәсіл – иектің астынан шынтақпен ұру. Осындай жеңіл қорғанулардың арқасында адам өз өмірін сақтап қалады.

Қорғаныс қимылдары қарапайым. Бұл кәсіби маман үшін көзді жұмып орындайтын іс-әрекет болса да бірінші рет көрген адамға да жаттап алуға жеңіл дейді. Бүгінгі танымдық іс-шара М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті Айғаным Тасболатова үшін өмірлік маңызды ақпарға толы сабақ болды. Бойжеткен адамнан қауіп төнген жағдайда аяқ пен қолдың күшін пайдаланып, өзін қорғау әдістерін жадына сақтап алды.

АЙҒАНЫМ ТАСБОЛАТОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– Тренинг біз үшін өте пайдалы. Себебі, осы арқылы сенімділігіміз артады, қауіпті жағдайларда дұрыс шешім қабылдауды үйренеміз. Қыз бала нәзік болса да әрдайым өзін қорғай білуі керек. 

Өзін-өзі қорғау және балалар психологиясы орталығының мамандары жыл басынан бері осындай 3 тренинг өткізген. Жұмыс жалғасын табады.