Қоғам

“Қызыл жұлдыз” ордені 80 жылдан кейін табысталды

Марапат өз иесін тапты! Ардагер Зиновий Сухарев 1913 жылы Петропавлда туған. Ол 1941 жылдың шілдесінде Қызыл армия қатарына шақырылыпты. Қиыр Шығыста қызмет еткен, үш рет жараланған. Соғыс аяқталуға жақындағанда оның бөлімін батысқа ауыстырады. Бұдан майдангердің ұрпақтары хабардар.

БОРИС СУХАРЕВ, Зиновий Сухаревтің ұлы, Германия:

– Әкем қазіргі Польша жерінде орналасқан Глагов қаласын алуға қатысқан. Сол шаһардың маңында 10 мәрте мина алаңына кірген. Қарша бораған оққа қарамастан жауынгерлер 127 минаны істен шығарған. Сонымен қатар, 2 дзотты және жау жасырынған 7 жертөлені жарған. Қоян-қолтық ұрысқа түсіп, 14 неміс солдаты мен офицерін жойған. Осы ерлігі үшін әкем “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталыпты.

1945 жылдың сәуірінде жерлесіміздің взводы Найс өзенінен өту кезінде жау орналасқан аумақты басып алып, оны негізгі күштер келгенше ұстап тұрады. Ұрыстардың бірінде Зиновий Сухарев тізесінен және оң қолынан ауыр жараланады, артынша госпиталға түседі. Өкінішке қарай, Қызыл армия тарапынан 17 сарбаз ажал құшады. Осы қиян-кескі шайқастағы ерлігі үшін Петропавл тумасы екінші мәрте “Қызыл жұлдыз” орденін алатындардың тізімінде болады. Бірақ, бұл туралы өзі ешқашан білмейді.

БОРИС СУХАРЕВ, Зиновий Сухаревтің ұлы, Германия:

– Әкем өмірден ерте өтті. 1956 жылы мен 9 жаста болғанда көз жұмды. Ол партияның облыстық комитетінде қаржы бөлімінде нұсқаушы болып жұмыс істеді. Оның достары көп еді. Қазақстан Ғылым академиясының болашақ президенті, академик Мұрат Әбенұлы Айтхожиннің әкесі Әбен Айтхожин келіп жүрді. Олар бірге әңгіме-дүкен құрып, майданда қаза тапқан жолдастарын еске алатын.

2019 жылы Борис Сухарев интернеттен әкесінің “Қызыл жұлдыз” орденін екі мәрте алғаны туралы дерекке көзі түседі. Алайда, үйде оның тек біреуі ғана болған. Сол кезде ардагердің ұлы РФ Қорғаныс министрлігінің мұрағатына жүгінген.

БОРИС СУХАРЕВ, Зиновий Сухаревтің ұлы, Германия:

– Мен 1 жыл бойы түрлі органдар арқылы куәлікті тапсыру туралы мәселені шешуге тырыстым, бірақ еш нәтиже болмады. Сосын жолдасымның кеңесі бойынша РФ Президентінің әкімшілігіне сұрау жібердім. Арада 3 ай өтті. Қуанышымызға орай, Ресейдің Германиядағы Елшілігінен сүйінші хабар жетті. Ұлы Жеңіс қарсаңында, яғни 80 жылдан кейін награда өз иесін тапты. Мен марапатқа тиесілі куәлікті алдым.

Борис Сухарев Қазақстаннан 90-шы жылдардың соңында көшіп кеткен, бірақ азаматтығын өзгертпеген. Ол ұлы Евгенимен бірге Польша мен Германияға барып, әкесі соғысқан жерлерге табан тигізіпті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ардагердің ұрпақтары жерлестерін құттықтап, барша қазақстандыққа бақ-береке пен бейбітшілік тілейді.

 

Байболат Құлтанов