Білім

Алматылық университет ректоры мектеп түлектерімен кездесті

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығметов кезекті мектеп түлектерімен кездесті. Бұл жолы жүздесу Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтті. Тек солтүстікқазақстандық талапкерлерге 50 грант бөлуге ниетті азамат кеше Петропавлдағы бірнеше оқу ұясына бас сұққан. Жергілікті ұстаздармен, оқушылармен тілдесу көңілінен шығыпты.

ҒАНИ НЫҒМЕТОВ, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры:

– Өзім 4 мектепке бардым, ал әріптестерім 5-6 мектепте болды. Түсіндіру жұмысын жүргіздік. Жастардың қызығушылығы бар. Физика-математиканы сүйіп оқитын балалар инженер болғысы келеді, болашақта АЭС-та жұмыс істегісі келетін ұл-қыздармен де сөйлестік.

Шынымен, техникалық мамандар даярланатын университет ректоры Алатаудың баурайында оқуға ниетті теріскейлік жастарға барлық жағдай жасалатынын айтты. Жатақхана бар. Студент 4 жыл сол жерде тұрып, алаңсыз білім алады.

ҒАНИ НЫҒМЕТОВ, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры:

– Шәкіртақы төленеді. Бұл жерде 2 бағдарламаны ұсынамыз. Тек грант ұсынатын жобамыз бар. Одан бөлек, жақында арнайы олимпиадамыз басталады. Сол жерде жеңіске жеткен балаларға грант да, шәкіртақы да беріледі. Құжаттар 2-ші наурызға дейін қабылданады.

Ашық әңгімені Диана Қайыргелдина мұқият тыңдап отыр. Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы гуманитарлық бағытты құп көреді. Бірақ, Алматыдағы университет жайлы, ұсынылатын грант туралы достарына айтпақ.

ДИАНА ҚАЙЫРГЕЛДИНА, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Менің мақсатым – ұрпаққа тарихты жеткізу. Өзім Қазақстан тарихына қызығамын.

Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті атану үшін оңтүстік астанаға барудың қажеті жоқ. Жарты ғасырлық білім ордасының сайты бар. Сол арқылы талабы таудай талапкер құжаттарын жолдай алады. Бұл ретте ауылдық жердегі балалар да белсенділік танытулары қажет.

 

Байболат Құлтанов