Бүгін Петропавлда жас каратешілер бас қосты. Спортшылар белгілі бір сыннан өткеннен кейін дәлелдеген белдіктеріне ие болды.
Шығыс жекпе-жегін қыз да, ұл да меңгерген. Олар аяқпен де, қолмен де соққы жасайды, ширақ қозғалады, қорғаныс тәсілдерін де біледі. Әр қимыл – тәртіп пен ептіліктің көрінісі.
АЗАМАТ МАНАПОВ, бүкілқазақстандық киокушинкай карате ұйымы Алматы қалалық филиалының директоры:
– Осыдан 24 жыл бұрын Петропавл қаласында карате филалын ашқанбыз. Мені директор етіп тағайындаған. 10 жылдан кейін орныма шәкіртімді қойдым. Бізде жылына 2 рет белдікке тапсыру аттестациясы болады. Бүгін соны Петропавл қаласында өткізіп жатырмыз.
Белдік пен сертификатқа қол жеткізу оңай емес. Белгілі бір тапсырмаларды орындау керек. Мысалы, құрылыста пайдаланатын тасты жалаң қолмен сындыру қажет.
Ал бұл – өз міндеттерін орындаған бүлдіршіндер. Жаңа белбеуді иеленген балалардың жүзінен қуаныш сезімі байқалады.
ӘДІЛХАН ОРАЗБАЙ, каратеші:
– Мен каратемен 5 жылдан бері айналысамын. Ең алғашқы жарысымды 8 жасымда өткіздім. 16 медалім, 5 кубогым бар. Жақын досым да каратемен айналысады. Мені сол шақырды.
Карате оңай спорт түрі емес. Соған қарамастан елімізде кимоно киген адамдардың саны артуда. Есепке сүйенсек, Қазақстандағы жас каратешілердің саны 40 мыңға жеткен.