Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тайынша ауданына барды

Келлеровка ауылындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ересектер мен балалар үшін бар жағдай жасалған. Енді ауыл тұрғындары жыл бойы спортпен шұғылдана алады. Жаңадан салынған спорт нысаны өткен жылы пайдалануға берілді. Қазір ол жерде тренажер залы, түрлі спорт түрлерінен ойын залы жұмыс істейді. Сабақтар да тегін өткізіледі. Сонымен қатар, өңір басшысы «КАЖ сервис» ЖШС филиалына барды. Мамандар республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың қысқы күтіп-ұстауы мен су тасқынына дайындық жұмыстары туралы есеп берді.

ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ, «Қазавтожол» ҰК» АҚ СҚОФ директоры:

– Тұрақты негізде қар алудан қорғайтын қалқандарды, қорғаныс қабырғаларын орнату, уақытша жол белгілерін қою, су өткізгіш құбырларды жабу сияқты жұмыстар жүргізіліп келеді. Боранда жолды қар алып қалмауы үшін қар тоқтату жұмыстарын белсенді жүргіземіз.

Былтыр ауданда су жол үстінен өтіп, салдарынан жолдарды бұзуға тура келген жағдайлар тіркелді. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін 61 су өткізгіш құбыр орнатылды. Аудан орталығында қосымша 24 құбыр төселіп, 7 шақырым су бұру арналары салынды.

МИРХАТ ӘБІЛМӘЖІНОВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Өткен жылы бізде облыстық жол желісі бойынша 4 учаске су астында қалды, бұл жағдай қайталанбауы үшін құбырлар орнатылды. Былтыр су шайған жолдар да қалпына келтірілді. Осы мақсатқа бөлінген ақша толық игерілді. Тек бір аудан бойынша ғана бітпеген жұмыс бар.

Ғауез Нұрмұхамбетов 500 адам жұмыс істейтін Biooperations зауытында да болды. Кәсіпорын глютен мен крахмалды Үндістан, АҚШ, Колумбия, Норвегия және Еуропа одағы елдеріне экспорттайды. Өткен жылы зауытта кебекті түйіршек түрінде шығаратын жаңа цех іске қосылды. Зауытта жаңадан цехтар ашу жоспарланған. Кейін облыс әкімі су тасқынына қарсы шараларды көрді. Қазір волонтерлер инертті материалдар салынған қаптар дайындауға көмек көрсетуде.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әр аудан бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Менің ойымша бұл жұмыстар артық болмайды. Барлығына алдын ала дайындалу керек. Волонтерлердің арқасында осы жұмыстар жүзеге асып жатыр. Олар да барынша көмек көрсетіп жүр. Енді эвакуациялау пунктерін дайындау керек.

Су тасқынына дайындық пысықталған өңіраралық кеңесте жауапты органдардың басшыларының, сондай-ақ, Тайынша, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандары әкімдерінің есептері тыңдалды.

НАТАЛИЯ ЛЕВИНА, «Қазгидромет» РМК СҚОФ директорының орынбасары:

– Көпжылдық бақылауларды есепке алсақ, негізгі су тасқыны наурыздың үшінші онкүндігінде басталып, мамырдың бірінші онкүндігіне дейін жалғасады. Наурыз жылы және жауын-шашынды болмақ. Температура 2 градустан жоғары болады және бұл қардың тез еруіне ықпал етеді.

«Қазсушар» Ақмола облыстық филиалының балансында 20 су қоймасы бар. Оның екеуі облыстағы су жағдайына әсер етеді. Бұл – Сілеті және Шағалалы су қоймасы.

ОЛЖАС ТҰРЖАНОВ, «Қазсушар» РМК Ақмола облыстық филиалының бас инженері:

– Су тасқынына дайындық барысында арнайы жоспар әзірледік. Олар механизмдерді тексеру, кезекшілік, ақпараттық өзара іс-қимыл жүргізуді қамтиды.

Жалпы кеңестің Тайыншада өтуі кездейсоқ емес. Өткен жылы аудан еріген қар суының зардабын тартты. Осындай жағдайдың қайталануын болдырмау үшін 11 ауыл мен Тайынша қаласында жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын топырақ бөгеттері нығайтылды.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:

– Су тасқынын болдырмау және зардабын жою үшін 135 техника дайындалды. 163 адамнан тұратын жеке құрам жасақталды. Сонымен қатар, 3 ауыр экскаваторды жалға алу үшін қаражат бөлінді. Одан бөлек жүзу құралдары мен мотопомпалар бар.

Су тасқыны қаупі Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандарында да бар. Осыған байланысты облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына мұқият дайындалып, қажетті инертті материалдар мен техниканы дайындауды тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ең алдымен, су басу қаупі бар елді мекендерден алдын ала науқастарды, босанатын әйелдерді эвакуациялау керек. Әр адам үшін жауапкершілік алу керек. Бұл біздің әрбір адамның өміріне деген жауапкершілігіміз. Сондықтан, қазірден бастап уақытты жоғалтпай алдын ала жұмыс істеу керек. Дәрі-дәрмек, азық-түлік, газ жеткізу қажет.

26 елді мекенді биыл су басу қауіпі бар. Сондықтан, өңір басшысы барлық қажетті су тасқынына қарсы шараларды 1-ші наурызға дейін қабылдауды тапсырды.

 

Байболат Құлтанов