Қоғам

Мектеп оқушылары өрт қауіпсіздігі ережелерін білуі тиіс

Облыстық ТЖД мамандары шаһардағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне барып, оқушылармен кездесті. Ұл-қыздарға үйде немесе білім ұясында оқыс оқиғалар орын алса, алдымен не істеу керек екенін түсіндірді. Себебі, жеткіншектердің көбі қауіпсіздік ережелерін білмейді.

АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрттің шығуына көп жағдайда балалардың отпен ойнауы себеп болады. Көбінесе ата-аналар қонаққа барғанда немесе жұмыстарымен шығып кеткен кезде кішкентайларын үйдің ересектеу балаларымен қалдырып кетеді. Жайсыз жайт орын алса, бірден “112” нөміріне хабарласу қажет. Балаларға, үйдегі және мектептегі өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірдік.

Өткен шараны зор маңызға ие деп айтуға болады. Себебі, мына отырған ұл-қыздар бүгін өрт қауіпсіздігі жайында біршама мағлұмат алды. Алған ақпар бүгін болмаса да болашақта зор септігін тигізеді. Оқушылар ойға түйгендерін достарына да айтатыны сөзсіз. Бекасыл Игілік – НЗМ-нің 11-ші сыныбында оқиды. Жігерлі жас білім ұясында аталған тақырып бойынша түрлі тәрбие сағаттары өтетіндігін айтты.

БЕКАСЫЛ ИГІЛІК, Химия және биология бағытындағы НЗМ 11-сынып оқушысы:

– Өрт қауіпсіздігі жайында біршама мағлұмат білемін. Мектепте түрлі оқу-жаттығулар өткізіліп тұрады.

Шара тек түсіндіру форматында өткен жоқ. Ұл-қыздар төтеншеліктерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Мамандар әр сұраққа толығымен, жан-жақты жауап берді. Айта кету керек, ағымдағы жылы облыста 72 өрт оқиғасы орын алған. Салдарынан 7 адам қаза тапты. Оның 4-еуі – бала.

 

Нұрасыл Ахмет