ТКШ

Халықты ауыз сумен қамту

Халықты ауыз сумен қамту – биліктің негізгі міндеттерінің бірі. Саралап қарайтын болсақ, бүгінгі таңда өңірдегі қалалық жердегі көрсеткіш көңіл көншітеді. Тұрғындардың барлығы тіршілік көзімен қамтылған.

Ал ауылдық жердегі тұрғындардың қамтылу көрсеткіші 97,5% құрайды. Бұл өткен жылдың қорытындысы. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, бүгінде 502 елді мекенде тіршілік көзі бар. Онда 258 мыңға жуық солтүстікқазақстандық тұрады.

ГҮЛСАРА БАЙБОСЫНОВА, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

– Өткен жылы облыс аумағында 280 шақырымға жуық желі өткізілді және жаңартылды. Нәтижесінде 103 елді мекенде сумен қамту сапасы жоғарылады. Бұл ауылдарда 47,1 мың адам тұрады. Даму бюджеті аясында 14 жоба іске асырылды. Аталған бағдарлама бойынша өңірдің 8 ауданында 64 кешенді блок-модуль орнатылды. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарымен 6 аудан қамтылды.

Өңірімізде биыл да халықты ауыз сумен қамту бағытында ауқымды жұмыс атқарылады. Ағымдағы жылы 37 ауылдың үйлері орталықтандырылған су желісіне қосылады. Аудандарда 46 кешенді блок-модуль орнатылмақ. Сонымен қатар, бейінбі комитет тарапынан 5 елді мекендегі баспаналарға тіршілік көзі кіргізіледі. Бұл мақсаттарға 12 млрд теңге бөлініпті.

 

Байболат Құлтанов