Қоғам

Елімізде шенеуніктерді халықпен жұмыс істеуге үйрететін “Әкімдер мектебі” құрылды

Қазақстанда “Әкімдер мектебі” ашылды. Тың жобаны “AMANAT” партиясының сараптамалық орталығы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүзеге асырады. Осыған орай еліміздің барлық ауылдық әкімдерінің басын қосқан алқалы жиын өтті. Басқосу онлайн форматта ұйымдастырылды. Отырысқа Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай  қатысты. Жиынға қатысқан әр адамға игі бастаманың жай-жапсары түсіндірілді.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

– Оқыту курсынан қалмаңыздар. Бәрі сіздер үшін жасалып отыр. Білікті мамандар барлығын егжей-тегжейлі түсіндіретін болады. Жоба аясында ең алдымен халықпен қалай жұмыс істеу керектігі жайында үйренетін боласыздар. Әкімдер үшін ең бастысы осы деп ойлаймын.

Игі бастама Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылды. Толығырақ тоқталсақ, оқыту курсы 3 айға жалғасады. Оған облысымыздың 130 ауылдық округ әкімі қатысады. Мемлекеттік қызметкерлер бір апта облыс орталығында білім алса, келесі апта онлайн режимде біліктіліктерін арттырады. 

ЕРЖАН ҚАРЫМСАҚОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Ауылдық округ әкімдері тек теориялық түрде оқытылмайды. Оларға практикалық тапсырмалар беріледі. Бізге өздері басқарып отырған елді мекендерді дамыту үшін не істеу керектігі жайында айтып, жобалар дайындайды.

Облысымыздағы ауылдық округ әкімдерінің 70 пайызы – бұрын-соңды мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген жандар. Сондықтан, олардың біліктіліктерін арттыру аса маңызды. Бұл игі бастама терісейлік елді мекендердің дамуына зор септігін тигізеді.

ЖЕҢІС АСАНОВ, “AMANAT” партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы:

– Қазіргі таңда облысымызда 190-ға жуық ауылдық округ бар. Оның 140-тан астамына жетекшілік ететіндер – “AMANAT” партиясының атынан сайланған әкімдер. Сондықтан, бізге артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Елді мекендердің әкімдері өзі басқарып жатқан аймағы үшін дұрыс шешімдер қабылдауы тиіс. Әрине, ол үшін білімді болуы маңызды. Бастау алған тың жобаның да мақсаты осы.

Жоғары айтқандай, оқыту курсына 130 ауылдық округ әкімі қатысады. Осы ретте қалған 50-і қайда деген сұрақ туындайды. Бізде бар ақпарға сүйенсек, аталған мемлекеттік қызметкерлердің өкілеттік мерзімі аяқталуға жақын.

 

Нұрасыл Ахмет