Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай интернационалистер Давыд Шнайдер, Жайнақ Тұртаев және Василий Голенко жастармен кездесті. Өткізілген іс-шара “Ерлік сабағы” деп аталды. Жауынгерлер жастарға соғыста болған сәттер туралы айтып берді.
ДАВЫД ШНАЙДЕР, Ауған соғысының ардагері:
– Петропавлдан соғысқа 115 жауынгер боп бардық. Көбі өмірден өтті. Кейбірімен араласып тұрамыз. Ауғанстанда ешкім біздің асты-үстімізге түскен жоқ. Жататын орнымыз бен ішер асымыз жөнді болмады. Біз соған қарамастан өзімізге жүктелген міндетті бұлжытпай орындадық. Күн-түн демей талай рет ұрысқа түстік. Қаншама достарымнан айырылдым. Шынымды айтсам, мен сол жерден аман келемін деп ойлаған жоқпын.
Ардагерлердің әңгімелерін жастар ұйып тыңдады. Толғандырған сұрақтарын қойды. Іс-шара жастарға рух беріп, елімізге адал қызмет етуге зор септігін тигізеді. Ардагерлер кездесуде елге, достыққа адалдық жайында айтты.
ЖАЙНАҚ ТҰРТАЕВ, Ауған соғысының ардагері:
– Әскерден ешқашан қашпау керек. Еліміздің болашағы – сіздерсіздер. Біз қаншама қиындықты бастан өткердік. Таңертең бірге тамақ ішіп, бірге ұрысқа аттанған серігің кешке қайтып келмегенде ішің удай ашиды. Жаныңда жүрген досыңнан айырылу оңай емес.
Бүгінде облыста 600-ден астам Ауған соғысының ардагері тұрады. Жауынгерлік іс-қимыл қатысушыларына ай сайын 24 мың теңге, олардың қатарындағы мүгедектерге 29 мың теңгеден төленеді. Жуырда ардагерлер 140 мың теңге көлемінде бірреттік төлемақыдан алды. Сондай-ақ, оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек түрлері қарастырылған.
Нұрасыл Ахмет