Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығметов жұмыс сапарымен Петропавлға келді. Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлектерімен кездескен басшы жалынды жастарды оңтүстік астанаға білім алуға шақырады. Жарты ғасырлық тарихы бар оқу ордасын таңдаған теріскейлік ұл-қыздарға ерекше көңіл бөлінбек. 2020-2022 жылдар аралығында аққайыңдар өлкесінде еңбек еткен Ғани Сақтағанұлы тек солтүстікқазақстандық талапкерлер үшін 50 грант бөлмекші.
Жағымды жаңалықты жастар қауымы қуана қабылдады. Олар университет ректорының айтқандарын мұқият тыңдады. Ал бұған дейін ешбір өңірге табан тигізбеген Ғани Нығметов Алматыға теріскейлік түлектердің мейлінше көп келгенін қалайды.
ҒАНИ НЫҒМЕТОВ, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры:
– Біздің елімізге энергетиктер керек. Маман тапшы. Болашақта атом электр станциясы салынады. Оған да маман керек. Сол себепті өңірге келіп, мектептерді аралап, жастарға ақпарат беріп жүрмін.
Арман қуып Алматыға бару үшін физика мен математиканы бес саусақтай білу керек. Шырайлы шаһардағы білім ордасы елімізге аса қажет мамандарды даярлайды.
ҒАНИ НЫҒМЕТОВ, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры:
– Электр энергетикасы, жылу энергетикасы, ақпараттық жүйелер және байланыс бағытында мамандар даярлаймыз. Оның ішінде космос инженериясы да бар. Жаңа мамандықтар ашылып жатыр.
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің негізі 1975 жылы қаланған. Белгілі бір беделге ие. Қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша да жұмыс істейді. Серіктестері – Ресейдің және Германияның бетке ұстар оқу ордалары.
ҒАНИ НЫҒМЕТОВ, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры:
– 50 жылдың ішінде 40 мың түлек шығардық. Еліміздегі іргелі компаниялардың басшылары – біздің түлектер. Қазір университетте 5 мың студент білім алып жатыр.
Кездесу барысында айтылғанды Әділ Нұрлан ой дәптеріне жазып алды. Бала күнінен технологияға жақын бозбала болашағын осы саламен байланыстырғысы келеді. Алдағы күзде Алматыға да аттануы мүмкін.
ӘДІЛ НҰРЛАН, Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:
– Мұғалімдермен және куратормен университет таңдау бойынша арнайы жұмыс істедік. Шетелдік университеттер бірінші кезекте тұр. Егер бағым жанбаса, қазақстандық университетке түсемін. Оның ішінде Алматы энергетика және байланыс университеті де бар.
Түстен кейін Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатына барды. Биыл бұл жерден 40-тан астам бала қанат қақпақ. Ғани Нығметов түлектерге жан-жақты ақпарат ұсынды. Ал ертең құрметті қонақ Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада қабылдау өткізбек. Ол жерде ата-аналарға, өзге мектептің оқушыларына өзі басшылық ететін университет жайлы кеңінен айтатын болады.
Байболат Құлтанов