Облыс тұрғындарына робот сот орындаушысы көмектесіп жүр. 2024 жылдың тамыз айында жоба пилоттық режимде іске қосылған. Жасанды интеллектінің арқасында теріскейліктер артық шығыннан арылатын болады. Мәселен, азаматтар 20 АЕК дейінгі айыппұлды бір ай көлемінде жеке сот орындаушының қатысуынсыз өтей алады. Бұған дейін сот орындаушының қатысуы міндетті болатын. Ол қызмет ақылы екені белгілі.
РАЙХАН НҰРЖАУЫПОВА, СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:
– Игі бастама тұрғындарға өте ыңғайлы. Жасанды интеллект арқылы адамдар онлайн төлем жасай алады. Сонымен қатар, есепшоттарды шектеу шаралары жойылады.
Игі бастаманың арқасында облыс тұрғындары 50 млн теңге үнемдеген. Толығырақ айтсақ, бұрын адамдар жеке сот орындаушысына қызметі үшін өздеріне салынған айыппұлдың 25 пайызын төлейтін. Жоба іске қосылғаннан бастап өңірде жалпы сомасы 200 млн теңгені құрайтын 9 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалған.
РАЙХАН НҰРЖАУЫПОВА, СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:
– Робот арқылы барлық рәсімдер онлайн жүргізіледі. Аталған жобаның арқасында қазақстандықтар жылына 5 млрд теңге үнемдей алады. Болашақта игі бастаманың ауқымы кеңейіп, ол айналысатын берешек мөлшері 40 АЕК-ке дейін өседі.
Бұл игі бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асқан. Айта кету керек, алдағы уақытта әділет саласы толығымен цифрландырылмақ.
Нұрасыл Ахмет