Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл 2-ЖЭО-ның қуаты артады

Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Премьер-министр Олжас Бектенов Петропавл екінші жылу электр орталығында болды. Мұнда ол өңірдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысымен және жылумен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Бұл ретте табалдырық аттаған нысанға ерекше басымдық берілген.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:

– Петропавл екінші жылу электр орталығындағы негізгі жобалардың бірі – 180 метрлік №1 түтін мұржасының құрылысын аяқтау. Мұржаны 2024 жылы тұрғыздық. Биыл күл-қоқыс шығаратын орын саламыз, сырлау жұмыстарын жүргіземіз, қорғаныс қабатын жағамыз және газ жүретін канал тартамыз. Мұржаны жоспар бойынша алдағы қыркүйектің 30-шы жұлдызынан пайдалана бастаймыз.

Ауқымды жұмыс инвестициялық бағдарлама аясында атқарылып жатыр. Оның жалпы көлемі 26 млрд теңгені құрайды. Былтыр 18,5 млрд жұмсалыпты. Сонымен қатар, 2024 жылы қуат ошағындағы №1, 9 қазандықтар мен №3 және 6 турбиналарда күрделі жөндеу жүргізілді, сондай-ақ, 4 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:

– Биыл №1 турбоагрегатқа қатысты жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. Оның өзіндік ерекшілігі болмақ. Бұл жылу қуаттылығын 40-тан 60 гикокалорийге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қала жылдан-жылдан өсіп жатыр. Жаңа ғимараттар қолданысқа тапсырылуда. Сондықтан, осындай шешімге келдік.

Жылу электр орталықтарында уақтылы жүргізілген дайындық пен қалпына келтіру жұмыстары қаланың жылумен қамту жабдықтары мен жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Энергетика министрлігі биыл нысанды қауіптің «қызыл» аймағынан «сары» аймаққа шығаруды жоспарлап отыр.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:

– Жылумен үздіксіз қамтамасыз ету жұмысы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Соңғы бір жылда еліміздегі 55 жылу көзі жаңғыртылды. Үкімет осы бағытта энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша инженерлік желілердің тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендеп, электр энергиясын өндіру қуаты 7,3 ГВт-қа артады деп болжануда. Сонымен қатар жобалар 3,5 мың жұмыс орнын ашуды көздейді.

 

Байболат Құлтанов