Петропавлда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” акциясы аясында сайыс ұйымдастырылды. “Бұл – таңғажайып әлем” атты спорттық эстафета қалалық мектеп оқушылары арасында өтті. Оған үш бірдей мектептің оқушылары қатысты. Олар өзара жарыса отырып, мықтыны анықтады. Сондай-ақ, араларынан бірнешеуі кәдімгі қарапайым заттардан киім тігіп, шеру өткізді.
7-ші мектептің 8-сынып оқушысы Милана Лопатенко қарапайым целлофаннан көрікті көйлек тіккен.
МИЛАНА ЛОПАТЕНКО, сайысқа қатысушы:
– Мен жиналған целлофанды қоқысқа лақтырмай, оны іске кәдеге жаратуды шештім. Басқаларына керек емес деген дүниелерді дұрыс іске асыруға болатындығын көрсеткім келеді. Маған мұғалімім мен құрбыларым көмектесті. Бір аптадай дайындалдық. Әрине, целлофанды бір-біріне жалғау қиын болды. Бірақ, өзімнің көңілімнен шықты. Барлығына ұнайды деген ойдамын.
Оқушылар 3 топқа бөлінді. Кейін бірден ойын да басталды.
Ұл-қыздар ортада тұрған шелектен кесемен су алып, жүгіре отырып бөтелкеге төкпей-шашпай жеткізулері қажет. Кейін олардың қанша литр су жинағанын қазылар алқасы бағалады.
ЖҰЛДЫЗ ШӘКЕНОВА, қазылар алқасының мүшесі:
– Оқушылар шара арқылы тазалықты, жауапкершілікті, Отанға деген сүйіспеншілік, қоршаған ортаны таза ұстайды үйренеді.
Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен мадақталды.
Мәдина Қаби