Ауыл шаруашылығы

Николаевкалық шаруашылық көктемгі науқанға дайындық үстінде

Есілдік шаруашылық көктемгі егіс науқанына дайындық үстінде. Николаевка ауылындағы “Кантемир-Агро” серіктестігі алдағы маңызды жұмысқа әзірлікке білек сыбана кіріскен. Іскер жандар күзде жерлерін жыртып қойған. Қазіргі таңда техникаларын қалыпқа келтіріп, ескірген құрал-саймандарды жаңасына ауыстыруда. Агроқұрылымда өткен жылы техника бөлшектерін жөндейтін шеберхана ашылған екен. Соның арқасында мамандар енді аудан, облыс орталығына барып, сандалып жүрмейді.

ИГОРЬ ДЫННИК, “Кантемир-Агро” ЖШС инженері, Есіл ауданы:

– Шаруашылықта 50 техника бар. 30 адам еңбек етеді. Жаз кезінде қауырт кезеңге тағы да 20-ға жуық адамды жұмысқа аламыз. Өзім қыс бойы техникаға жауап беремін. Әр сайманның дұрыстығын қарап отырамын. Петропавл қаласындағы автобөлшек дүкендерімен келісімшартқа отырдық. Алдағы уақытта құрал-сайман қажет болған жағдайда солардан алып отырамыз.

Шаруашылықтың 7 мың гектар егіс алқабы бар. Оның 40 пайызына дәнді дақыл егілсе, қалғаны майлы дақылға арналады. Өткен жылы серіктестік еңбеккерлері гектарына 24 центнерден астық жинаған.

БОЛАТ ӘБІЛМӘЖІНОВ, “Кантемир-Агро” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Тұқымымыз бар. Жердің көлемі 7 мың гектар болса, оның мың гектарын парға қалдырамыз. Басқасын егеміз. Оның ішінде – майлы дақылдар, дәнді дақылдар. Мамандарымызды осы жылы ауыстырдық, көбі – жастар.

Серіктестікте жұмысшы күші тапшы. Жастардың көбі қара жұмыс істеуге құлықсыз дейді диқандар. Қазір қызметкерлер қыс уақытында айына орташа алғанда 300 мың теңге көлемінде жалақы алса, жаз кезінде табыстары 1 млн-ға дейін артады екен.

 

Мәдина Қаби