Аққайыңдық ұл-қыздар өздерін бір сәтке дәрігер сезінді. Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінің өкілдері Смирново ауылына барып, 9-11 сынып оқушыларымен кездесті. Жиынға ауданның бірнеше елді мекенінен келген өрендер қатысты. Басты мақсат – жастарды білім ордасына оқуға шақыру.
ДӘРИЯ ҚАРАБАЙ, Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің бөлім меңгерушісі:
– Студенттеріміз 6 мамандық бойынша білім алады. Оларды қала және аудандардағы түрлі медициналық мекемелерге практикаға жібереміз. Грантқа оқуға түскендер жұмыспен қамтылатын болады.
Колледж студенттері жастарға екпе салуды және адам өміріне қауіп төнген кезде алғашқы көмекті қалай жасау керектігін үйретті. Диана Вертелецкая медициналық колледждің 4-ші курсында оқиды. Нәзікжанды оқу орнында білім алып жүргеніне еш өкінбейді. Болашақ маман үйінде жақындары өзін жайсыз сезініп қалса, өзі емдейді екен.
ДИАНА ВЕРТЕЛЕЦКАЯ, Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің 4-курс студенті:
– Колледж оқытушылары талапшыл. Біз бұған түсіністікпен қараймыз. Сол тәртіптен біз сабақ аламыз. Биыл оқу орнын тәмәмдаймын. Алдағы уақытта университетте оқуымды жалғастырғым келеді. Дәрігер болу – менің бала кезден бергі арманым. Бүгін оқушыларға біраз дүние көрсеттік. Мүмкін араларынан біздің соңымыздан еретін болашақ ақхалаттылар шығып қалар.
Аққайындық оқушылар саланың қыр-сырын үйретіп жатқан оқытушылар мен студенттерге тамсана қарауда. Себебі, олардың көбі мұндайды бұрын-соңды көрмеген. Жұлдызай Жақып Дайындық орта мектебінің 9-шы сыныбында оқиды. Бұрымды биыл аталған медицина колледжіне оқуға түскісі келетінін айтты. Оқушы бүгінгі шарадан кейін осындай шешімге келген.
ЖҰЛДЫЗАЙ ЖАҚЫП, Дайындық орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:
– Бүгін өмірімде бірінші рет екпе салып көрдім. Басымда қобалжығаным болмаса, маған ұнады. Менің әпкем – дәрігер. Ол маған сала жайында біршама ақпар берген болатын.
Жасыратыны жоқ, өңірде медицина саласында кадр тапшылығы бар. Облыста білікті дәрігер алтыннан да қымбат. Сондықтан, осындай шаралардың көптеп өткізілуі бұл мәселенің шешілуіне зор септігін тигізер еді.
Нұрасыл Ахмет