Қоғам

Ауған соғысының ардагерлері 140 мың теңге көлемінде бірреттік төлемақы алады

Бүгінде облыста 600-ден астам Ауған соғысының ардагері тұрады. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 36 жыл толуына орай оларға бірреттік төлемақы беру қарастырылған.

ТАТЬЯНА БЕРЕСКАЯ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыстық әкімдіктің арнайы қаулысының негізінде өңірдің барлық ауданында жергілікті бюджеттің есебінен Ауған соғысының ардагерлеріне биылға бірреттік 35 АЕК немесе 137 620 теңге көлемінде қолдау көрсету қарастырылған. Аталған төлем бұрын 9 Мамыр қарсаңында төленсе, енді 15-ші ақпан алдында беріледі.

Татьяна Береская жауынгерлік іс-қимыл қатысушыларына жыл сайынғы әлеуметтік көмек қарастырылған дейді. Аталған қолдау түрлеріне санаторлық-курорттық емдеу алу үшін өтемақы, тіс протездеу қызметі, коммуналдық қызмет төлемі, сондай-ақ, ауруханаға жату үшін жолға кететін шығынның орнын толтыру кіреді.

ТАТЬЯНА БЕРЕСКАЯ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Сондай-ақ, аталған категорияға жататын азаматтарға республикалық бюджет қаржысынан арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жауынгерлік іс-қимыл қатысушыларына ай сайын шамамен 24 мың теңге, олардың қатарындағы мүгедектерге 29 мың теңге беріледі.

2023 жылы бірреттік әлеуметтік көмек көлемі 15 айлық есептік көрсеткіштен 35-ке дейін ұлғайтылды. Өткен жылы Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай аталған төлем мөлшері 50 АЕК-ні құраған.

 

Нұрасыл Ахмет