Күннің екінші жартысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Оқушылар сарайында болды. Мұнда Үкімет басшысы солтүстікқазақстандық бизнес өкілдерімен кездесті. Талқыланған тақырып – өзгеріс күтіліп отырған Салық реформасы. Алдын ала болжам бойынша елімізде қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16%-ға дейін артады. Осы орайда астықты өңірдің шаруалары ескерер жайт бар.
АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қосылған құн салығын төлеуден босату енгізіледі. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Денсаулық сақтау саласына да 10% төмендетілген мөлшерлеме ұсынылып отыр. Бірақ, оны басқа салаларға да кеңейту мүмкіндігі талқылануда.
Мұндай шешім ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қуантпай қоймайды. Қалтада қалатын қаржыны әлеуметтік жауапкершілігі жоғары теріскейліктер елді мекендердің дамуына бағыттамақ.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық-Агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Бұл әзірге жоба. Әлі өзгеріс болуы мүмкін. Дегенмен, бізді ҚҚС-дан босатқаны қуантады. Ақшаны ауылды дамытуға бөлеміз.
Алқалы жиын барысында сөз алған Ұлттық экономика вице-министрі өзгерістің өзге де негізгі тұстарына тоқталып өтті. Мөлшерлеменің өскені қоғамда кереғар пікір тудырғанымен, жаңашылдық бизнесті қолдауға бағытталған. Баяндамасы соңында Азамат Әмрин осыны тілге тиек етті.
АЗАМАТ ӘМРИН, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі:
– Салық реформасы бизнесті тұқыртуға негізделмеген. Ол ашықтықты, әділдікті көздейді.
Өзгеріске сәйкес, қосылған құн салығы бойынша есепке қою шегі 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетіледі. Яғни, Қазақстанда салық төлеушілер саны артады. Бұл жайт солтүстікқазақстандық кәсіпкер Әсел Есжанованы алаңдатып отыр. Ол жиын барысында толғандырған мәселені ортаға салды.
ӘСЕЛ ЕСЖАНОВА, СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:
– Мен білім беру орталығының басшысымын және менің қарамағымда 4-5 мұғалім жұмыс істейді делік. Олар күніне бірнеше баланы қабылдап, әрқайсысынан ақша алады. Оның барлығы шотқа түседі. Нәтижесінде 15 млн жиналады. Тиісінше, қосылған құн салығын төлейміз. Бұл істі енді бастаған, әлі аяққа тұрмаған кәсіпкерлерге қиындық әкеледі деп ойлаймын.
Ойландыралық жайт. Кәсіпкердің көкейіндегі дүние тыңдалғасын, талқыға салынды. Билік өкілдері мәселенің бүге-шүгесін түсіндірді.«Қосылған құн салығын көтеру – жеті рет өлшеп, бір рет кесетін мәселе. Жан-жақты талқылауды қажет етеді». Өңірдің беткеұстар диқаны Геннадий Зенченко осындай пікір білдірді.
ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Қазір қателікке жол беруге болмайды. Ертең түсінбестік болмас үшін мәселенің дұрыс нүктесін қою керек. Қоғамда неше түрлі әңгіме жүр. Бұған тоқтау қоямыз десек, салық саласының білікті өкілдерін жиып, қарапайым тілмен түсіндірген абзал. Бірнеше нұсқаны қағазға сызып тұрып, “Нендей өзгеріс орнайды?”, “Ол неге әкеліп соғады?” деген сұрақ қойған жөн. Сонда ғана бұқара, бизнес өкілдері бас қатырмайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, қосылған құн салығының өсуі қазынаға түсетін салықтың көлемін жылына 4-5 трлн теңгеге арттырады. Бұл Ұлттық қорға тәуелділікті және мемлекеттік қарызды азайтуға, инфрақұрылым мен өнеркәсіпке қаражат бөлуге көмектеспек. Алқалы жиынды Үкімет басшысы қорытындылады. Оның сөзінше, келесі аптада Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп, Парламентке жолданады. Демек, әрмен қарай талқылау Мәжіліс алаңында жалғасады. Олжас Бектенов тараптар үшін тиімді шешім қабылданарына сенім білдірді.