Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген еліміздің Премьер-министрі Олжас Бектенов Петропавлдың “Ойқала” мен “Жас Өркен” ықшам аудандарын байланыстыратын айналма жолда болып, өңірдің көктемгі тасқынға дайындығымен танысты. Техника сақадай сай. Теріскейлік құтқарушылар әзірлеген жабдықтың бірі – дыбыстық хабарлама тарататын, алыс қашықтыққа ұшатын, сапалы видео түсіретін заманауи дрон.
ЕРНАР РҮСТЕМ, СҚО ТЖД бас маманы:
– Бұған дейін қолдандық. Былтырғы су тасқыны кезінде көп жұмыс атқарылды. Мысалы, “Ойқала” ықшам ауданын әуеден қарадық.
Жол талғамайтын көлік, заманауи қайық. Үкімет басшысына өзге де техника көрсетілді. Айта кету қажет, өңірімізде жақында Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша “Қызылжар су қоймалары” атты мекеме құрылды. Танысу барысында Олжас Бектеновке аталған ұйымның міндеті жайлы айтылды.
ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, “Қызылжар су қоймалары” КММ директоры:
– Өңірдегі бөгеттердің құрылысы аяқталуға жақын. Іс соңына жеткеннен кейін қорғаныс үйінділері біздің бақылауымызға өтеді. Біз оларды тұрақты түрде бақылап отырамыз. Қажеттілік туындаған жағдайда нығайту және көтеру жұмыстарын жүргіземіз.
Мекемеге саланың жай-жапсарын білетін білікті мамандар шақырылмақ. Қазір басшылық келіссөздер жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, Премьер-министрге Петропавлда құрылысы жүргізіліп жатқан көлік өткелі жайлы айтылды. Сонымен қатар, “Ойқала” мен “Заречый” кенті аралығында жаңадан көпір салу туралы баяндалды. Тілдесу соңында Олжас Бектеновке айналма жолдың бойында тұрғызылған бөгет көрсетілді.