Бүгін “Ботай” ART-галереясында “Ұлы дала керуені” атты халықаралық көшпелі көрме қанат жайды. Оған үш бірдей қазақстандық дарынды тұлғалардың туындылары қойылған. Өнерсүйер қауым көрмеде Ақмола облысының тумасы, Мәдениет саласының үздігі Әділғали Баяндиннің 20-дан астам еңбегін тамашалай алады.
ӘДІЛҒАЛИ БАЯНДИН, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
– Еңбектерімнің арасында қыз баланың, әйел адамның образы бар. Ішінде “Әйел бақыты” деген жұмысым бар. Жұмыстарымды әрқашан тиянақты істеуге тырысамын. Одан бөлек, тарихи тақырыптарға арналған жұмыстарым да жететін. Олар – “Күрес”, Түркістан тақырыбына арналған жұмыстарым.
Халықаралық көшпелі көрме бірінші Петропавл қаласында ұйымдастырылып отыр. Қалада 2 ай тұрғаннан кейін өзге қалаларда, тіпті басқа мемлекеттерде жалғасын табады. Картиналардың басым бөлігінде қазақ халқының болмысы бейнеленген.
АЙТКҮЛ ТАСМАҒАМБЕТОВА, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық пластикалық өнер қауымдастығының мүшесі, Еуразиялық Суретшілер одағының мүшесі:
– Көрмеге 80 еңбек қойылды. Оның ішінде 30-ы менікі. Қалғаны екі суретшінікі. Ботай мәдениетін бүкіл дүние жүзі білсін, тереңде жатқан қазақтың мәдениетін білсін деген оймен ұйымдастырдық.
Көрмеде Қазақстандық суретші, Өнер академиясының академигі Бақытнұр Бурдесбековтің де туындылары ұсынылды. Сазгер әрі өлкетанушы Дәстен Баймұқанов бүгінгі көрмені жоғары бағалап, терең ой түйуге болады дейді.
ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ, сазгер, өлкетанушы:
– Дала өркениетін таныту деген – үлкен тақырыптардың бірі. Ұйымдастырып отырған кісілердің мақсаты да осы. Осы тұрғыда әкелінген суреттері сол ойлармен құба-құп келіп тұр.
Көрме осыдан кейін Көкшетау қаласында ұйымдастырылады.
Мәдина Қаби