Сондай-ақ, бүгін облысымызға жұмыс сапарымен Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев келді. Ол ең алдымен Ойқаладағы бөгетті нығайту жұмысымен танысты. Жауапты ұйым тасқынға қарсы қорғаныс үйіндісінің қапталдарын нығайтпас бұрын оны бірнеше метрге көтеріп, енін де ұзартқан.
Заречный кентінің жанымен Есіл өзені ағатыны белгілі. Былтырғы су тасқыны кезінде аталған ауданды толығымен су басты. Тұрғындардың өміріне қауіп төнді десек артық айтқандық емес. Серік Мұхамедиев Үкімет басшысының орынбасарына облыс орталығына іргелес жатқан елді мекен тұрғындары алдағы уақытта қауіпсіз аймаққа көшірілетінін жеткізді.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Біз 2 көпқабатты үйдің құрылысын бастап кеттік. Маңызды іс аяқталғаннан кейін 161 отбасы баспанамен қамтылады. Бірақ, мұнымен аудан тұрғындарының барлығын көшіре алмаймыз. Қалған жанұяларға облыс орталығынан пәтерлер берілетін болады.
Былғары зауыты кентіндегі бөгеттің ұзындығы 4 шақырымнан асады. Елді мекендегі тасқынға қарсы қорғаныс үйіндісінің қапталдарын нығайтуға қаржыны “Демеу” қоры бөлген. Айта кету керек, өткен жылы шағын ауданның жартысын тасқын су басқан.
Қазіргі таңда Петропавлда 8 бөгет қалпына келтірілуде. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қажет болған жағдайда тасқын судан қорғану жұмыстарына мемлекет тарапынан тағы қаржы бөлінетінін айтты.
Нұрасыл Ахмет