Облыстық Әділет департаменті халыққа 12 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Соңғы уақытта бұл сала да толығымен цифрландырылуда. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және «Мемлекеттік деректер қоры», «Е-лицензиялау», «Е-апостиль» ақпараттық жүйелері іске қосылып, теріскейліктердің жұмысын жеңілдеткен. Яғни, жерлестеріміз бұрынғыдай құжаттарды жинап, кезек күтіп сандалып жүрмейді. Қажетті көмекті үйінде отырып-ақ ала алады. Бұл игі бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асқан.
ГҮЛНӘР ҚОЖАХМЕТОВА, СҚО Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы:
– Мәселен, 2024 жылы Әділет министрлігі “Халық заңгері “, “Әділет кеңес береді “,” Ашық есік күні “,”Тегін заң көмегі күндері” атты акцияларды іске қосты. Өткен жылы ел бойынша жалпы саны 100 мыңнан астам адамды қамтитын 1300 консультативтік-түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындарының көбі заңды білмейді. Сол себепті, елді мекендерде құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында 2 мыңға жуық “Құқық кабинеті” ашылды.
Облыстық Әділет департаменті министрліктің тапсырмасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарған. Өткен жылы өңірімізде аталған сала органдарымен 1200-ден астам қызмет көрсетіліпті. Тұрғындардың көбі «Азаматтарға арналған үкімет» порталының қызметіне жүгінген.
ГҮЛНӘР ҚОЖАХМЕТОВА, СҚО әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы:
– 2024 жылы жұмысымыз екі есеге көбейді. Оған себеп – өңірімізде болған су тасқыны. Жағдай тұрақталғанымен зардап шеккен жандарға көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатыр. Қиын-қыстау шақта бірсыпыра жерлесіміз құжаттарынан айырылды. Оны рәсімдеу бір күнде тыңдырылатын шаруа емес. Бірақ, біз әр азаматтың мәселесін шешуге тырысамыз.
Жоғарыда айтқан “Құқық кабинеті” жобасы өңірімізде белсенді жүзеге асырылуда. Игі бастама арқылы облыс аудандарының барлығында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыратын бөлмелер ашылған.
Нұрасыл Ахмет