Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірге жұмыс сапары барысында Сергеев су торабына барды. “Қазсушар” кәсіпорнының директоры Шұғайып Ибатуллин премьер-министрге жағдай бақылауда екендігін жеткізді. Ол маңызды нысанда қандай жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін баяндады.
ШҰҒАЙЫП ИБАТУЛЛИН, “Қазсушар” РМК СҚОФ директоры:
– 2024 жылы су торабын күрделі жөндеу жұмыстарына “Демеу Қазақстан” қоры 278 млн теңге бөлген болатын. Қазіргі таңда қоймадағы жағдай тұрақты. Бәрі бақылауда.
Нысанды аралау барысында Олжас Бектенов қоймадағы су деңгейін бақылауда ұстау керектігін айтты. Судың толу деңгейі 2 метрден асатын болса, бірден орталыққа хабарлауды тапсырды. Өз кезегінде Премьер-министрге “Казгидромет” облыстық филиалының басшысы Қымбат Мерғалимова алдағы айларда облыстың оңтүстік және шығыс аудандарында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болатынын айтты. Сергеев су қоймасының маныңда орналасқан елді мекендер үшін су тасқыны қаупі бар екенін жеткізді.
Содан соң Үкімет басшысы Петропавл қаласындағы су тасқыны кезінде тоқтап қалған 1-ші көтергіш сорғы стансасын қалыпқа келтіру жұмыстарымен танысты. Айта кету керек, маңызды нысан 70-ші жылы қолданысқа берілген. Содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– 1-ші көтергіш сорғы стансасын қалыпқа келтіру жұмыстарына 2,9 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде құрғақ жерде және су астында жұмыс істей алатын 2 сорғы орнатылды. Сондай-ақ, сыртқы әсерлерден және механикалық зақымданудан қорғау үшін электр кабельдері жер астымен жүргізілді. Бұл шаралар су басқан жағдайда электр энергиясының тұрақты берілуін қамтамасыз етеді.
Үкімет басшысына Сергеев және Петропавл су тораптарында ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау күшейтілгендігі жайында айтылды. Аталған нысандарда салмақтық шектеу белгіленген, оны көлік инспекциясының жылжымалы бекеттеріндегі мамандар тексеретін болады.
Нұрасыл Ахмет