ТЖ

ТЖД мамандары өрттен үш адамды құтқарып қалды

Кеше Петропавлда Халтурин көшесіндегі көппәтерлі үйлердің бірінен өрт шықты. Сағат 19:00-де бас көтерген тілсіз жау 1-ші қабаттағы баспананы жалмай жаздаған. Жайсыз хабарды естіген құтқарушылар оқиға орнына 20 минут болмай жеткен. Отты сөндіру барысында төтеншеліктер іште қалған 3 адамды сыртқа шығарды. Олар бірден қалалық көпбейінді жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Қызыл жалынның салдарынан үйдің қабырғасы мен жеке заттар өртенген. Отты сөндіруге 17 адам мен 6 техника жұмылдырылды. ТЖД мамандары жайсыз жайттың орын алуына сөндірілмеген темекі себепші болуы мүмкін екенін айтты.

ЕКАТЕРИНА БЕЛОУСОВА, қалалық көпбейінді жедел жәрдем ауруханасының баспасөз хатшысы:

– 11 ақпанда өрттен кейін көміртек газынан уланып қалған екі ер адам мен бір әйел адам қалалық көпбейінді жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды. Нәзікжандының жағдайы қалыпты. Ал азаматтардың жағдайы мәз емес. Денелерінің біраз бөлігін күйік шалған. Олар бірден жансақтау бөліміне жатқызылды.

Бүгін таң ата қалалық №7 орта мектебінде де өрт шыққан. Алдын ала болжам бойынша қызыл жалынның бас көтеруіне электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған. Қуанышымызға орай, зардап шеккендер жоқ. Оқушылар бірден қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды.

 

Нұрасыл Ахмет